
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қалалық ауруханасында және жергілікті провизорлық ауруханада болды.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Екібастұздың медицина қызметкерлерімен сөйлесті. Олардың айтуынша, соңғы күндері стационарлардағы науқастар саны орта есеппен үштен бірге азайды. Бұған дейін ауруханаға күніне 70-ке жуық адам түсіп отырған. Науқастар санының азаюына емханаларда жұмыс жасайтын мобильді топтардың арқасында да қол жеткізілді. Екібастұзда осындай 14 «жедел топ» бар.
- Бір жыл жұмыс істемей тұрған компьютерлік томографымыз іске қосылды, - деді Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұхаметқайыр Андосов (аталмыш аппарат бұрын сенімді басқаруға беріліп, содан кейін сот ісін жүргізу нысанына айналған болатын). - Біз күніне 40 зерттеу жұмысын жүргіземіз. Коронавирус инфекциясының белгілері бар пациенттер компьютерлік томографиядан белгілі бір уақытта өтеді. Біз оларды кешкі уақытта әкеліп, қайта апарамыз, оған арнайы көлік бөлінген.
Мұхаметқайыр Андосов аурухана негізінде 10 төсектік жансақтау бөлімшесі бар 52 төсектік жаңа инфекциялық бөлімше құру жоспарлары туралы айтты. Бөлімше бұрын шағын жедел жәрдем станциясы орналасқан бос ғимаратқа салынбақ. Ғимаратты жөндеуден өткізіп, жетілдіріліп, тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтау керек. Бұл үшін қажетті қаражат бөлінеді, деп сендірді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі төрт ай бойы өңіраралық оқу орталығы негізінде жұмыс істеп тұрған 300 орындық провизорлық госпитальге барды. Госпиталь ашылғаннан бері бұл жерден 2200-ден астам адам шығарылды. Бүгінде мұнда 200 науқас бар. Госпитальда қазір 50 төсек-орынды оттегімен қамтамасыз ететін оттегі станциясы орнатылуда.
- Біздің медициналық қызметкерлердің жүктемесі әлі де жоғары. Бір дәрігерге 40-50 науқас, бір медбикеге 25 және одан да көп науқастан келеді, - деді провизорлық бөлімнің меңгерушісі Жазира Әбділдина. - Бүгінгі күні медицина қызметкерлеріне жағдай ұйымдастырумен байланысты барлық мәселелер шешілді. Ауруханаға қажетті жиһаз, тоңазытқыш және қысқа толқынды пештер жеткізілді. Бұған дейін орын алған тамақтануға қатысты мәселе жоқ.
Әбілқайыр Сқақов қала әкімшілігіне қызметкерлерді, соның ішінде әлеуметтік пакет ұсыну арқылы жұмысқа тартуды тапсырды.
- Бүгінгі таңда облыста еңбегі аса бағалы реаниматологтар жетіспейді. Басқа мамандар да жетіспейді, - деді әкім. - Жергілікті биліктің міндеті - медициналық қызметкерлерді, оның ішінде медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, оларға жағдай жасау арқылы тарту. Биылғы жылы Екібастұзда рекордтық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жаңа үйлерден медицина қызметкерлері үшін пәтерлер қарастыруға болады.
Облыс әкімі қазіргі жағдайда Екібастұздың барлық медициналық бөлімдері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі керек екенін атап айтты. Сондай-ақ өңір басшысы коронавирус пандемиясымен күресте алдыңғы шепте тұрған медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтауды талап етті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі