Әбілқайыр Сқақов дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорының жұмысы жөнінде онлайн-кеңес өткізді. Жақын арада өңірдегі дәріханаларға дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектер, вирусқа қарсы препараттар, сондай-ақ антибиотиктер, антикоагулянттар және медициналық термометрлер үздіксіз жеткізіліп тұрады деп күтілуде.
Облыс әкімі осы іске тартылған қызметтерге - «Павлодар» ӘКК, жеткізуші компания, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаменті, кәсіпкерлік және сауда басқармасы, сонымен қатар «Қазмедфарм» Павлодар облысының дәрігерлері, провизорлары мен фармацевттері қауымдастығы алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, Әбілқайыр Сқақов дәрі-дәрмектерді өңірдің дәріханалары арасында әділетті түрде бөлуді талап етті.
- Дәрі-дәрмектерді бөлуде теңгерімсіздікке жол бермеу маңызды. Дәрі-дәрмектерді әр елді мекендегі объективті эпидемиологиялық жағдайға байланысты Павлодар, Екібастұз, Ақсу және аудандардың дәріханаларына жеткізуді тапсырамын. Олар алатын көлем әділетті және толыққанды болуы керек, - деп тапсырды Әбілқайыр Сқақов.
Өңір басшысы сондай-ақ тұрғындарды дәріханаларға дәрі-дәрмектің түсуі туралы уақтылы және толық ақпарат беруді талап етті.
- Тұрғындарға белгілі бір дәріханаларға белгілі дәрі-дәрмектердің түскені туралы алдын-ала хабарлау қажет. Ақпараттық вакуум сенімсіздік пен дүрбелең атмосферасын тудырады, - деді облыс әкімі жиналысқа қатысушыларға.
Естеріңізге сала кетейік, жақында «Павлодар» ӘКК және Қазақстандағы көшбасшы фармацевтикалық компаниялардың бірі өңірдегі және еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұранысқа ие дәрі-дәрмектің 37 түрін өңірдегі дәріханаларға үздіксіз жеткізуге мүмкіндік беретін келісімге қол қойды. Дәріханалар оларды тұрақты жеткізілімдерге қосымша алатын болады, ал олардың көлемі мен қарқыны еш кемімейді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі