
Музыканттың туып-өскен жері, яғни Екібастұз ауылдық аймағында дүбірлі мереке орын алды. Ақын дүниеге келген Қаражар ауылынан 5 км қашықтықта 30 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерді. Үлкен сахнаның төрінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған музыканттар республикалық инструменталды-ән фестивалінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, жиналғандардың алдында қазақстандық опера әншісі Шахимардан Әбілов ән шырқады.



Мерекенің құрметті қонағы композитордың немересі Зекен апа болды. Естай Беркімбайұлы мерейтойының құрметіне Павлодар облысының әкімі оның иығына шапан жапты.


– Жуырда Павлодар облысына жұмыс сапарымен Нұрсұлтан Назарбаев келіп кетті, – деді Болат Бақауов зиялылармен ашық диалог алаңында кездесу барысында. – Мемлекет басышысы үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Ертіс өңірінің атақты композиторларының домбыралары назарға ұсынылды. Олардың қатарында Естай Беркімбайұлы да болды. Әйгілі жерлесіміздің есімі мәңгілікке есте сақталады. Бүгінгі күні Павлодар, Екібастұз және Ақтоғай ауданында Естайдың есімі берілген көшелер бар. Халықтың сұрауымен облыс орталығындағы Мәдениет сарайы да Естайдың атымен аталған. Туған ауылында композиторға ескерткіш орнатылды. Болашақта Павлодар қаласында Естайдың монументін ашу жоспарда бар. Естай болашақ ұрпаққа теңдесі жоқ мұра қалдырған. Біз оны сақтап, көбейтеміз деп сенемін.



Этноауылда кез келген қонақ павлодарлық шеберлер жасаған күміс, ағаш немесе тері бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар мереке қатысушылары үшін арнайы балалар және спорт алаңдары жұмыс істеді. Бәйге ұйымдастырылды.


Ақынның 150 жылдық мерейтойына орай Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайында Естай Беркімбаұлының залы ашылды. Залға қойылған жәдігерлер Потанин атындағы облыстық музейден және композитор ұрпақтарынан алынды.



– Жәдігерлердің бірі – Естайдың шабаданы,- дейді мұражай қызметкерлері. 1939 жылы ол Алматы қаласындағы Жазушылар Кеңесінің съезіне қатысқан кезде 2 шабадан сатып алды. Олардың біреуін ақын немересі Зекен апаға, екіншісін немере ағасы Қыздарбек атаға тарту етті. Шабаданды мұражайға Қыздарбек атаның немерелері сыйлады.




