
Аймақ басшысы сөз басында есебін мемлекет басшысының өңірімізге жасаған сапарынан 1 апта өткеннен кейін жасап жатқанын ерекше айтып өтті. Оның нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев облыста жүргізіліп жатқан жұмысқа оң баға берді.
– Меніңше, бұл жоғары баға – біздің бірлесіп жасаған жұмысымыздың қорытындысы, – деді ол. – Біз 5 әлеуметтік бастаманы практикалық тұрғыдан жүзеге асыра бастадық. Есептік кезең ішінде облыс тұрақты дамыды. Барлық негізгі макрокөрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып табылады. Елбасының жыл сайын экономика өсімін қамтамасыз ету бойынша тапсырмасы орындалып жатыр. Жалпы аймақтық өнім 3,3%-ға артты. Ағымдағы жылы жалпы аймақтық өнім көлемін 2,5 триллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. ЖАӨ-нің жартысын шығаратын өнеркәсіптерде бірінші жартыжылдық ішінде оның мөлшері 4,6%-ға артты.
Әкім айтып өткендей, облыс кәсіпорындары модернизациялау бойынша 21 жобаны жүзеге асырып жатыр. Жылдың соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 96 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылатын болады. Осының нәтижесінде 1087 жаңа жұмыс орны пайда болады. Бүгінгі күні АЭА территориясында алюминий кластерінің 2 кәсіпорны жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Екібастұздағы ГРЭС-2 стансасында 3-ші энергоблоктың салыну маңыздылығы жөнінде ерекше айтып өтті. Жобаның іске қосылуы электроэнергия түзілуін 4млрд. кВт/сағ дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өз сөзінде Болат Бақауов инвесторларды қолдау қажеттілігі жөнінде ерекше айтып өтті. Жарты жылдың қорытындысына сәйкес облысқа 160 млрд. инвестиция тартылған, олардың 70%-ы жеке болып табылады. Жылдың соңына дейін тағы 350 млрд. теңге инвестицияның тартылуы күтілуде. Осы жылы 280 инвестициялық жобамен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуына қатысты аймақ басшысы мал шаруашылығын дамыту үшін 5 ірі тауарлы сүт фермасын, 18 қайта өңдеу объектісін, 11 мың басқа арналған 3 азықтандыру алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Жұмыс істеп жатқан субъектілердің саны 4%-ға артты. Яғни, 125 мың адам жұмыспен қамтылған, – деді ол. – Бизнестің қарқынды дамуына мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау тікелей әсер етеді. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы 2 млрд. теңге бөлінді. Облысымыз басқа аймақтармен салыстырғанда субсидияландырылған жобалар мен грант саны бойынша жетекші орынды иеленеді. Бизнес жүргізуге қалыпты жағдай қалыптастыру мақсатында Павлодар қаласында 2000 га жер учаскелерін қамтитын инфрақұрылым көрсетілген электронды карта құрылу үстінде. Келесі жылы сондай карталар Ақсу және Екібастұз қалаларында да жасалады.

Облыс әкімі айтып өткендей, экономика өсімінің ең негізгі қозғаушы күші Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған мемлекеттік бағдарламалар болып табылады. Осы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9,6 млрд. теңге бөлінді. Олардың басым бөлігі жол құрылысына жұмсалды. Бүгінгі күні сапалы жолдардың мөлшері барлық жолдардың 78%-ын құрайды. Жол жөндеудің инновациялық жолы – «ресайклдендіру» белсенді қолданылады. Оның негізгі мақсаты жол бетін қалпына келтіру болып табылады. Осы тәсілмен Баянауылға дейінгі 206 шақырым жол жөнделіп жатыр. Осы жылы 2016 жылғы есеп кездесуінде аталған 3 қаладағы аулаларды жөндеу мен көріктендіруге қатысты мәселе толықтай шешілетін болады.
Сонымен қатар, аймақта ауылдық аймақ тұрғындары үшін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің қолжетімділігі өте төмен, – деп тоқталды Болат Бақауов қиындық туғызатын мәселеге. – Өткен жылдан бері үкіметтің қолдауымен облыста су желілерінің салынуы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 365 шақырым су желісі тартылған болса, осы жылы 270 шақырым тартылмақ. Таза ауызсу 23 мың адамға қолжетімді болады. 41 елді мекенде жалпы сомасы 13,1 млрд. теңгені құрайтын жалпы 37 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы Беловодск топтық су құбырларының 1-інші кезеңі пайдалануға берілді. Бүгінгі күні Ертіс ауданының ауылдарында ауылішілік желілер салына бастады. Оларды осы жылы пайдалануға беру жоспарда бар. Май ауданында топтық су құбырлары желісінде магистральді құбыр желісі мен тазарту стансаларын салу бойынша жұмыстар жандандырылды. Келесі жылы біз су құбырлары желісіне қосылатын ауылішілік желілерді салуды жоспарлап отырмыз. Осыған сәйкес, 2021 жылға дейін облыстағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 70%-ға жетеді.
Тұрғын үй құрылысына қатысты әкімнің айтуынша 2018 жылы 300 мың шаршы метр пайдалануға берілуі тиіс, олардың 81 мыңы пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді салу қарқындылығы 1,4 есе артты. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 252 пәтер салынды. Жылдың соңына дейін тағы 1009 пәтер дайын болады. Бүгінгі күні тұрғын үйлердің құрылысы «Сарыарқа» ауданында қарқынды жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін бұл ауданда 9 үй көтеріледі. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары жаңа «Байқоңыр» ауданында да басталды. Бұл ауданда келесі жылы әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлер салына бастайды.