
«Ұлы дала» этникалық фестивалі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында жүзеге асырылып отырған ерекше іс-шара. Павлодардағы «Ұлы дала» этнофестивалінің бағдарламасы ғылыми-практикалық конференциядан басталды. Естай атындағы мәдениет сарайында өткен конференцияның пленарлық мәжілісінде мыңға жуық адам бас қосты. Солардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен ғалымдар болды.
– Бүгінгі конференция көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған, – деді құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. Бұл шара Бұқар жыраудың 350 жылдығын, Мұса Шорманұлының 200 жылдығын, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығын, Естай Беркімбайұлының 150 жылдығын, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын атап өту мақсатында өткізіліп отыр. Олар тек аймағымыздың ғана емес, сонымен қатар барлық мемлекеттің рухани дамуына қомақты үлес қосты.

Сонымен қатар әкім Теңдік ауылында Мұса Шорманұлы кесенесініңсалынып жатқандығы мен Ақтоғай ауылында Естай Беркімбайұлы кесенесінде қайта құрылыс жұмыстарының жүріп жатқандығы туралы мәлімдеді. Екібастұз өлкетану мұражайында Естайға арналған зал ашылды. Павлодар музыка мектебі де оның атымен аталған. Жуырда ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жиырма томдығының цифрлы нұсқасы жарық көрді. Сұлтанмахмұт Торайғыров мұражайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақынның туған ауылында тас жолдар жөнделді, жарық өткізілді және көгалдандыру жүргізілді. Ұйымдастыру комитетіне түрлі әлем елдерінің ғалымдарынан 130-дан астам мақала келіп түсті. Солардың қатарына АҚШ, Венгрия, Ресей, Моңғолия, Литва, Украина және Қазақстанның түрлі аймақтары кіреді. АҚШ-тағы Индиана штатының профессоры Уильямм Фиерман қазақ тілінде бейне жолдау жіберді. – «Ұлы дала» этнофестивалінің қатысушыларына сәлем жолдаймын. Бүгін сіздермен бірге бола алмағаным үшін кешірім сұраймын, – деді Уильямм Фиерман. Ұлт ұлт болып қалу үшін ең басты құндылықтарды сақтау керек: салт- дәстүрлерін ұмытпау, өз тарихын зерттеу, адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Сондықтан бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияға қатысып отырған ғалымдардың жұмысына тек сәттілік тілеймін.
