«Ұлы Дала» фестиваліне 100 мыңнан астам адам қатысты

«Ұлы Дала» фестиваліне 100 мыңнан астам адам қатысты

Мыңдаған адам Ленин кентінің жанында бой көтерген ерекше этноауылда жиналды. Бұрынғы заманда бұл жерде үш жүз өкілдері кездесіп, халықтың тағдырындағы маңызды шешімдер қабылданды. Мереке ұйымдастырушылары дәл сол кездегі жай-күйді жандандыруға тырысты.

 Ертіс өзенінің жағалауында ұйымдастырылған Ұлы Дала мерекесінде тек Қазақстан ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай мемлекеттерінен адамдар көптеп жиналды. Өткен жылғы жағдаймен салыстырғанда осы жылы «Ұлы Дала» мерекесінің ауқымы кеңейді. 100-ден астам киіз үйден құралған этноауыл атақты жерлестеріміздің мерейтойларына байланысты ауылдарға бөлінді. Бұл жерде көрермендер театрландырылған көріністерді, ақындар бәйгесін, салт-дәстүрлер мен сайыстарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Фестивальдің соңғы, яғни үшінші күні 160 жылдық тарихы бар Қоянды жәрмеңкесіне арналған қызықты театрландырылған қойылымнан басталды. Мерекелік жәрмеңке этнофестиваль кіреберісінен басталып, бас сахнаға дейін созылды. Өз заманында бұл жәрмеңкеге атақты ақын Біржан сал мен әнші Майра Шамсутдинова да қатысқан. «Ұлы Дала» этноауылының бас сахнасында «Жігіттер» тобы, Ернар Айдар, Әлішер Каримов сынды Қазақстан эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. 

  Этнофестивальдің қонақтарына арнап парашютшілер «Ұлы Дала» логотипі салынған кәмпиттерден шашу шашты. Сонымен қатар қонақтардың назарына дайындау әдістері ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, даршылар, қырғыз садақшылары мен «Kazakh Union» каскадерлер тобы өнер көрсетті. Фестиваль қонақтары Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан жылының аясында арнайы шақырылған өзбек даршыларының шеберлігімен танысып, көкпаршылар, садақшылар мен батырлардың өнерлерін тамашалады.

Спорт алаңында қазақ күресі, көкпар мен тас көтеруден қорытынды сайыстар өтті. Тас көтеру сайысында павлодарлық балуан салмағы 220 кг-ды құрайтын тасты көтерді.

Этнофестиваль келушілері көшпенділердің өмірі мен тұрмысын көріп, қазақтардың салт-дәстүрлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Кешке «Ertis Promenade» сахнасында «Ұлы Дала» фестивалінің жабылуына арналған Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Этнофестиваль мерекелік отшашумен аяқталды.