
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы қызметіне Ержан Ибраимов тағайындалды. Жаңа басшыны аппараттық жиында Болат Бақауов таныстырды.
Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының жаңадан тағайындалған бастығы алға қойған тапсырмаларды тиімді орындап, қызметінде сәттілік тіледі.
Ержан Ибраимовтың екі жоғары білімі бар: 1997 жылы ол Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, ал 2006 жылы Қонаев атындағы университетті тәмамдады. Еңбек жолын Алматы облысы ІІБ-ның сыбайлас жемқорлықпен күресу бөлімінің аға жедел уәкілі қызметінен бастады. 2004-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орталық аппаратында жұмыс істеді. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша Агенттік департаменті бастығының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы департаментінің бастығы, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери полициясы бастығының орынбасары, Жоғары сот бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бастап Қарағанды облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды. Соңғы жұмыс орны – Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының бастығы.