
Облыс орталығының жаңа әкімін қала әкімдігінде аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды. Ол жаңа әріптестің кандидатурасы Президент Әкімшілігі мен қалалық мәслихат депутаттарымен талқыланғандығы жөнінде айтып өтті. Облыс әкімі жаңа қызметшіге бірқатар маңызды тапсырмалар берді.


Әнуар Күмпекеев 1984 жылы Павлодар қаласында дүниеге келді. 2005 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдады. 2007 жылы Бредфор (Ұлыбритания) университетінде экономикалық саясат магистрі дәрежесін алды. 2016 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітірді. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі болып табылады. Әр түрлі жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Экономика және қаржы департаментінің бас және жетекші маманы, «ҚР Ұлттық биотехнологиялар орталығы» РМК маркетинг және коммерцияландыру, стратегиялық даму департаменттерінің директоры, «Қазақстан ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Ғылыми-техникалық саясат және нормаландыру департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2012-2015 жылдар аралығында Ақмола облысы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2015 жылдың маусым айында сол қаланың әкімі қызметіне тағайындалды.
