Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы құрылыс және жөндеу жұмыстары науқанының қарқынын тексерді

Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы құрылыс және жөндеу жұмыстары науқанының қарқынын тексерді

Өңір басшысы облыс орталығын жұмыс бабымен аралады. Әбілқайыр Сқақов «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мердігерлердің жұмысын тексеріп, жолдар мен аулаларды абаттандыру сапасын бағалады.

 

«Астана» мұз сарайында облыс әкімі шатырдың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Нысанға құрылыс материалдарын жеткізудегі кідірістерге байланысты жұмысты уақтылы аяқтау мәселелері туындап отыр. Әбілқайыр Сқақов нысанның 15 шілдеден кешіктірілмей тапсырылуын талап етті.

 

Өңір басшысы №10 мектеп-лицейге қосымша құрылысты іске асырып жатқан мердігерлермен жұмысты тапсыру мерзімдері туралы сөйлесті. Ғимарат құрылысына қосымша олар маңайындағы аумақты да жөндеулері керек. Әкім құрылысшыларға жұмысты уақтылы және сапалы атқару керектігін ескертті.

 

Әбілқайыр Сқақов Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын әкім осы учаскеде болып, мұндағы жұмыс сапасына қатаң сын айтқан болатын.

 

- Жолдың әр метрін жол зертханасында тексеру керек, - деп тапсырды өңір басшысы. - Бюджеттік ақшаға орындалатын жұмысты сапасыз атқаруға рұқсат жоқ.

 

Екінші Павлодардың тұрғындары жол жұмысшыларына наразылықтарын білдіруде. Омская көшесінде мердігерлер жолға асфальт төсеп болса да, әлі де құдықтарды көтермеген. Әбілқайыр Сқақов жергілікті тұрғындардың әділ талабын орындауды тапсырды.

 

Облыс әкімі Назарбаев даңғылындағы № 204 үйдің ауласында болды. Мұнда  Әбілқайыр Сқақовтың сапарынан кейін балалар алаңы орнатылып, футбол алаңының құрылысы басталды. Бұдан кейін өңір басшысы Жаяу Мұса, 4 мекенжайындағы  балабақша ғимаратында болды. Бұған дейін бұл жерде түрлі медициналық және әлеуметтік бағыттардағы ұйымдар орналасқан болатын. Бүгінде мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған соң 240 орындық балабақша өз есігін айқара ашпақ.

 

Облыс әкімі екі театрға - Аймауытов атындағы қазақ драма театры мен Чехов атындағы орыс драма театрына, сондай-ақ екі оқу орнына - №8 лицей-мектебіне және Алтынсарин атындағы облыстық гимназия-интернатына барды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша көріктендіріліп жатқан әр нысанда облыс әкімі тапсырыс берушілер мен мердігерлерге құрылыс кестесін сақтауды және жұмыс сапасына мұқият болуды ескертті.

 

Сонымен қатар Әбілқайыр Сқақов канализация коллекторы қайта жаңғыртылып жатқан Қайырбаев пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысындағы учаскеде болды. Құрылысшылар желіні орсыз қайта құру арқылы жаңартуда және өз жұмысына 10 жыл кепілдік береді. Ал «Сарыарқа» шағын ауданында өңір басшысы жаңа тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Бес подъезді бес қабатты ғимарат тұрғызып жатқан компания өкілдері нысанды жыл соңына дейін тапсыруға уәде берді.

 

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 2020 жылды құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын арттыру жылы деп жариялаған болатын. Өңір басшысы бюджет қаражатының жұмсалуының ашықтығы мен жұртшылық тарапынан мұқият бақылауды негізгі аспектілер деп атады. Облыста екі бағыт бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев