
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен COVID-19-ға қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі жедел штабтың кезекті онлайн-кеңесі өтіп, онда өңірдің ағымдағы эпидемиологиялық жағдайы талқыланды.
103 қызметіне күн сайын мыңға жуық қоңырау келіп түседі. Ауруханаға жатқызылғандардың саны да алдыңғы күндердегідей. Өткен тәулікте 329 адам провизорлық стационарларға түсті, ал 180 пациент ол жерден шығарылды.
- Жақында ашылған триаж-орталық стационарлар мен жедел медициналық жәрдем станциясының жүктемесін айтарлықтай азайтуға көмектесті, - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайылов. – Жағдайы ауыр емес науқастарды триаж-орталықтан Мойылдыда ашылған стационарға апарады, басқаларын ауруханаларға бөледі.
Әбілқайыр Сқақов көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен пациенттердің тамақтану рационына ерекше назар аударуды тапсырды. Кеңес соңында өңір басшысы жедел штабқа бірқатар міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, бақылау топтарының жұмысын күшейту және дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің көлемін үнемі бақылап отыру қажет. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне бас дәрігерлермен тығыз байланыста жұмыс жасауды, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуді және медицина мамандарын іздеуді күшейтуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2 шілдеде Павлодарда «Баянтау» спорт сарайында триаж-орталық ашылды. Енді жедел жәрдем бригадалары ауруханалардан бөлек, кейіннен стационарларға бөлінетін пациенттерді осы жерге әкеледі. Триаж-орталықта 150 төсек-орын, ал Мойылды мен Ақсуда жақында тағы 650 провизорлық төсек-орын дайындалды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі