Павлодар облысының 15 медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды

Павлодар облысының 15 медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан медицина қызметкерлерін Павлодар облысының әкімі құттықтады. Әбілқайыр Сқақов оларға ауыр жағдайға қарамастан атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс айтып, денсаулық пен күш-жігер тіледі.
­
- Сіздердің кәсібіңізге деген адалдықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңыз ең жоғары бағаға лайық, - деді өңір басшысы медицина қызметкерлеріне. - Сіздер және сіздердің әріптестеріңіз вирустың таралуына қарсы күресте үздіксіз еңбек етудесіздер, жеке істеріңізді ысырып қойып, біраздан бері отбасыларыңыздан да қол үзіп қалдыңыздар. Біз мұның физикалық және моральдық тұрғыдан қаншалықты қиын екенін көріп, түсініп отырмыз. Мен және менің әріптестерім әр дәрігерді, әрбір медбикені, әрбір санитарды және әрбір жедел жәрдем жүргізушісін толықтай қолдаймыз.
­
Павлодар облысының 15 медицина қызметкері «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен марапатталды. Халық денсаулығын сақтау жолындағы жанкешті және ықтиятты жұмыстары үшін медбикелер, бөлім меңгерушілері, медициналық мекемелер басшыларының орынбасарлары аталып өтті.
­
- Менің ойымша, бұл біздің өңіріміздің барлық медицина қызметкерлерінің өміріндегі осындай алғашқы пандемия, - дейді «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Руслан Жалтыров. - Соңғы айларда жұмысымыз күшейе түсті, пациенттер ағымы айтарлықтай артты. Менің әріптестерімнің көбі ауырып қалды, кейбіреулері ауруға қарамастан іс-қимыл үстінде. Пациенттеріміздің біздің ауруханадан шығып, провизорлық госпитальға немесе амбулаторлық емге ауысулары біз үшін үлкен бақыт. Олардың алғысын есту бір ғанибет. Пандемияны жеңген кезде өз басым диванда жатып, кітап оқуды жоспарлап отырмын. Ал әзірше біз жұмыс істейміз.
­
Дәрігерлермен кездесу барысында Павлодар облысының әкімі медицина қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге уәде берді. Әбілқайыр Сқақов жақын арада өңірге 33 жаңа өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілетінін айтты.
­
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев