
Мектепке дейінгі балаларға арналған оқу орны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жұмыс істейді.
Лермонтов көшесі, 99 мекен-жайы бойынша орналасқан «Zerek Bala» білім орталығы 230 орынға шақталған. 10 топқа бөлінген мектепке дейінгі мекемеде домбыра және «Language mix» тіл студиясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалар спорт залында фитнеспен, спорттық акробатика және гимнастикамен айналыса алады. Мекеменің музыкалық-ритмикалық студиясында ритмика мен балеттен үйірмелер өткізіледі, ал медициналық блокта балалардың респираторлық ауруларының алдын алуға арналған тұздық бөлме қарастырылған.
- Бізде дене шынықтырумен таза ауада айналысуға арналған спорттық және серуендеу алаңдары бар, - дейді білім орталығының директоры Гафура Махметова. – Сондай-ақ, орталық аумағында балаларды жол жүру ережелеріне үйрететін арнайы аймақ жасалған. Бүгінгі күнде бұл өте өзекті мәселе.
Орталық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жұмыс істейді. Ғимаратты қайта жөндеу мен жабдықтауға кеткен 300 миллион теңгеге жуық шығынды мектепке дейінгі мекеме ғимаратын 15 жылға сату құқығынсыз сенімді басқаруға алған жекеменшік компания өтеді. Аталмыш компания мемлекеттік тапсырыс алумен қатар, өзінің білім беру қызметін, оның ішінде демалыс күндері топтары мен түрлі үйірмелерді де ұсынады.
- Бүгін Павлодардағы балабақшаларда 1 мен 3 жас аралығындағы балалар орнына кезек бар, сондықтан, осындай жобалар сұранысқа ие, - деп атап өтті білім орталығының жай-күйімен танысып шыққан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов – Мектепке дейінгі бұл мекеменің Елорда күні қарсаңында ашылуы айрықша мәнге ие. Мен барша жерлестерімізді атаулы мерекемен құттықтай келе, әрқайсыңызға денсалуық тілеймін. Осындай әлеуметтік нысандар біздің балаларымыз бен аймағымыздың тұрғындарының игілігі үшін қызмет етеді деген үміттемін.
Жақын арада «Zerek Bala» орталығы балалар қабылдауын аяқтап, жұмысқа толыққанды кіріспек.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото авторы Валерий Бугаев