
Қосалқы станцияға Екібастұз қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов барып қайтты. Жоба авторларының айтуынша қосалқы станция екі қуат көзіне қосылған – Екібастұздағы ГРЭС-1 және Ақсудағы ГРЭС. Объектінің құрылысына 2,5 миллиард теңге жұмсалды.
– Бар қосалқы станцияларының қуаты Екібастұздағы теміржол кластерінің кәсіпорындарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болды. Сол себепті жаңа қосалқы станцияның салынуы жөнінде шешім қабылданды, – деді жоба жетекшісі Исмаил Мамаев. – Оның қуаты 40 Мегаваттан 2 трансформаторды құрайды. Бұл барлық тұтынушыларды қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Қазір қосалқы станция сынақтардан өткізіліп жатыр, жуық арада зауыттарды қосу басталады.

Бүгін энергетиктер темір жол доңғалақ жұптарын өндірумен айналысатын жаңа кәсіпорынды электр қуатына қосумен айналысып жатыр. Қыркүйек айында зауыт іске қосу-реттеу жұмыстарына кірісуі керек.