
Барлық мектептегі салтанатты сап түзеу Мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Туды көтеру мәртебесі оқу озаттары мен спорттық жетістіктері бар оқушыларға берілді. №8 мектеп-лицейінде бұл рәсімді республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған 10-сынып оқушысы Владислав Черданцев пен 11-сынып оқушысы Жәнібек Жұмадиев орындады.

– Біз әлемнің қарқынды дамуының куәгерлері әрі қатысушылары болып отырмыз. Тек сапалы білім мен оны тәжірибеде қолдану дағдылары ғана табысты болудың кепілі бола алады, – деді ұстаздар мен оқушыларды құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Бүгінгі күні білім беру жүйесі заманауи талаптардың шешімін табумен айналысып келеді. Бұл шешім – функционалды сауаттылық. Оқушылардың функционалды сауаттылығы – білім мен адам қызметінің байланысын қамтамасыз ететін тұлғаның әлеуметтік бейімделудің түрі. Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі. Оны дамыту үшін бізге негізгі функционалдық дағдыларға ие білікті мамандар керек.

Осы жылы өңірдің барлық мектептерінде қазақ тілінде оқытылатын бірінші сыныптар жұмыс істейді. Ал №8 мектеп-лицейінде көптілді сынып пайда болды. Сонымен қатар бұл білім беру мекемесінде «Teacher office» форматындағы жаңа ұстаздар бөлмесі, роботты техника кабинеті мен бірінші сынып оқушыларына арналған кабинеттер ашылды.

