
Павлодар облысының тұрғындары 109 нөміріне хабарласып, коронавирус, пневмония, және өзге де вирустық инфекциялардан емделу бойынша мазалаған сұрақтарды қоя алады. Егер де сұрақ алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қатысты болса, байланыс орталығына түскен қоңырау тікелей емханаға бағытталады.
103 қызметіне түсетін қоңыраулар шамадан тыс болғандықтан, Павлодар облысының бірыңғай байланыс орталығында денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша «жедел желі» ашу шешімі қабылданды. Бұдан былай аймақ тұрғындары 109 нөміріне хабарласып, вирустық инфекция жұқтырған науқастарды госпитализациялау қандай жағдайда жүргізілетінін, дәрігерлерді емханадан үйге қалай шақыруға болатынын және өзге де ақпаратты біле алады.
Халықты жедел ақпараттандыру мақсатында бірыңғай байланыс орталығына келіп түсетін қоңырауларға диспетчер-мед.қызметкерлер жауап береді. Сауалдар алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қатысты болса, қоңырау емханаға бағытталады. 109 қызметі тәулік бойы жұмыс істейді және қоңырауларды стационарлық телефоннан да, мобильдік байланыс құралынан да тегiн қабылдайды.
COVID-19-ға қарсы шараларды үйлестіруге арналған Жедел штабтың баспасөз орталығы