
Павлодардағы «Баянтау» спорт сарайында пациенттерді қабылдау мен диагностикалау орталығы, ал Мойылды мен Ақсудағы шипажайларда қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Олардың әзірлігін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тексеріп шықты.
Павлодарда 2 шілдеден бастап триаж-орталық өз жұмысын бастады. Ол «Баянтау» спорт сарайында ашылып, сол жерде 150 провизорлық төсек-орын қойылған. Жедел жәрдем бригадалары бұдан былай пациенттерді ауруханалардан бөлек, «Баянтаудың» ғимаратына жеткізеді, тәжірибелі дәрігерлер өз кезегінде диагностикадан өткізіп, пациенттерді стационарларға орналастырады. Орталық «таза» және «лас» аймақтарға бөлінген, әрі әрқайсысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес науқастарды қабылдау жолдары қарастырылған.
— Триаж-орталықтың іске қосылуы ауруханалар мен жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтуы тиіс, – деді Әбілқайыр Сқақов спорт сарайын аралау барысында. — Бұл жерде науқастарды госпитализациялау бойынша жедел шешім қабылдайтын тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Персоналдың да, пациенттердің де эпидемиологиялық қауіпсіздігі аса маңызды.
«Мойылды» шипажайының ғимаратында бірден 500 провизорлық төсек-орын қойылды. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен эпидемиологтердің бағалауы бойынша, бұл жер науқастардың ем қабылдауына жайлы, ал шипажайдың кірме жолдары ыңғайлы. Ғимараттың іші «аймақтарға» бөлінген. Бұл стационарға «ауыр емес» пациенттер госпитализацияланады.
Ақсудағы «ЕЭК» АҚ емдеу-сауықтыру кешенінің негізінде 70 төсек-орын, ал «Еуразия» медициналық орталығында 80 төсек-орын қойылды. Қос ғимаратта да пациенттердің жайлы, әрі қауіпсіз жағдайда ем алуына жағдай жасалған. Осылайша, Павлодар облысында бір күнде қосымша 800 провизорлық төсек-орындар дайындалды.
Облыс әкімі аралаған барлық мекемелердің қызметкерлерімен кездесіп, жедел штаб мүшелеріне ұйымдастыру сұрақтарын тез арада шешуді тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында COVID-19 қарсы шараларды үйлестіруге арналған Жедел штаб құрылды. Штаб төрағалығын қолға алған Әбілқайыр Сқақов жұмыстың басым бағыттарын айқындап, әрқайсысына жауапты кураторларды бекітті. Мәселен, провизорлық стационарлар бойынша шараларды үйлестіру міндеті аймақтық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі сарапшы облыстық онкодиспансердің директоры Мұрат Сүлейменовке жүктелді.