
109 Бірыңғай байланыс орталығына Павлодар қаласының ғана емес, сонымен қатар Екібастұз бен Ақсу шаһарларының тұрғындары хабарласа алады. Аталмыш орталық телефон арқылы тұрғын үй-коммуналдық сипаттағы және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер бойынша өтініштерді, шағымдарды, ұсыныстарды қабылдайды.
Еске сала кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығы осы жылдың наурыз айында іске қосылған. Жұмыс кестесі – 24/7. Операторлар коммуналдық мекемелермен әрдайым тікелей байланыста болады. Осы қызмет арқылы қабылданған өтініштер жылдам орындалады. Кезекші диспетчерлер тұрақты негізде өтініш берушілермен хабарласып, коммуналдық қызметтердің сапасын тексереді.
Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, басқа да көптеген мекемелердің нөмірін есте сақтаудың қажеті жоқ. Сұрақтарыңыз туындаса, телефон арқылы 109 нөмірін терсеңіз жеткілікті.
Маусымның соңына дейін Екібастұз және Ақсу қалалары пилоттық режимде жұмыс істейді. Одан әрі жүйеге аудандар қосылады.
Айта кетейік, 109 қызметі іске қосылғаннан бері 50 000-нан астам қоңырау қабылдаған. Оның ішінде 45 000 қоңырау ТЖ режимі, әлеуметтік және коммуналдық төлемақы, блок бекеттерден өту сияқты консультацияларға байланысты болды. Ал, коммуналдық салада 5000-ға жуық өтініш келіп түсті. Барлық арыз-шағымдар уақытылы орындалуда.
109 бірыңғай байланыс орталығы