

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаттар тобы Павлодар облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Екібастұзда сенаторлар темір жол кластерінің бірнеше кәсіпорны мен раушан гүлін өсіретін жылыжайға барып қайтты. Сонымен қатар Астанадан келген қонақтар Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1-ге де соқты. Бұл жерде депутаттық комитеттің көшпелі жиыны өтті. Оның барысында электрэнергетика саласының болашақ дамуы талқыланды. Павлодар облысының әкімі депутаттармен Екібастұз электрэнергетикалық стансасының айналасында индустриалды аймақ құру бойынша жоспарлармен бөлісті.


Бүгінгі күні инвесторларды салық жеңілдіктері емес, арзан электр қуаты қызықтырады, – деп мәлімдеді Болат Бақауов. – Сол себепті ықтимал инвесторлардың электр қуатын KEGOC желілері арқылы емес, шиналар арқылы алу мүмкіндігі болу үшін біз станцияларымыздың айналасында жер учаскелерін дайындап қойдық. Сонымен қатар облыстық бюджетте 500 Мегаватт қуаты бар аралық станциясының жобалануына қаражат қарастырылған. Бұл жобаның құны шамамен 10-12 млрд. теңгені құрайтын болады. Біз бол жобаны республикалық деңгейде қолдауыңызды сұраймыз. Оған жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат бөлуге дайынбыз.


Осыған қоса аймақ басшысы «Павлодар» АЭА резиденттерінде туындайтын өзекті мәселелерді депутаттар алдында көтерді. Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының барлығы өз кәсіпорындарының аймағына тауарды ҚҚС-сыз әкелуі мүмкін. Алайда тауар АЭА аймағында айналған кезде мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Осыған орай, мысалы «Guissenhaus» ЖШС қосарланған алюминийді бұл шикізаттан жеңіл балқитын автокөлік дискілерін жасайтын «КиК» ЖШС-ға жіберген кезде оған стандартты қосымша құн салығы салынады. Бұл құқықтық кемшілік қазіргі таңда заңнамалық деңгейде қарастырылып жатыр екен. Сенаторлар бұл сұрақты бақылауларына алып, Парламентте мұқият қарастыруға уәде берді.

