

Облыс әкімі Болат Бақауов айтып өткендей, жаңадан тағайындалған қызметкердің басты мақсаты – аймақ экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің көрсеткішін көтеру.
– Бизнес дамып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкелуі тиіс, – деді аймақ басшысы. – Ол үшін сіз қалалар және аудандар әкімдерімен, «Даму» қорымен, «Атамекен» палатасымен және бизнес-қауымдастықпен тығыз байланыста жұмыс жасауыңыз керек. Туристік кластерді дамыту мақсатында жаңа пилоттық жобалар жасалуы керек. Сонымен қатар инфляция және әлеуметтік маңыздылығы жоғары өнімдердің бағаларын қалыпты деңгейде ұстау мәселелері әрдайым бақылауда болуы қажет.
Дастан Рыспеков 1984 жылы дүниеге келген. 2005 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, 2008 жылы Алматы заң академиясын тәмамдады. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментіндегі түсімдерді болжау бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 2007 жылдың сәуірі мен 2013 жылдың наурызы аралығында экономикалық саясат және салалық жоспарлау бөлімінің басшысы, одан кейін Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментіндегі жинақтау бөлімінің басшысы, Алматы қаласы бойынша ревизиялық комиссиясының жоспарлау, есеп беру және ақпараттандыру бөлімінің басшысы болды. 2013 жылдың наурызынан 2015 жылдың қазанына дейін – Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті басшысының орынбасары. 2015 жылдың қазаны мен 2016 жылдың маусымы аралығында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі жоспарлау және мониторинг секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазіргі қызметіне тағайындалудың алдында «НК «Астана ЭКСПО-2017» АҚ Бухгалтерлік есеп департаментінің директоры қызметін атқарды.