
Павлодар облысы Қазақстанның ірі индустриялық орталығы болғандықтан, жоғары білікті кадрларды қажет етеді. Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Д.Болатханұлы айтып өткендей 2017 жылдан бастап металлургия саласындағы кадрларды даярлау бойынша арнайы жоба жүзеге асырылып келеді. Алюминий зауытының негізінде аса белсенді қызметкерлер қатарынан болашақ басшылар дайындықтан өтіп жатыр. Осылайша кәсіпорын үлкен ұрпақты алмастыратын кадрлық резервті қалыптастырып келеді. Сонымен қатар білім беру мекемелері жергілікті кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Студенттер дуалды білім алу жүйесі бойынша өндірісті практикадан өтіп жүр. Бұл болашақта жұмыс табуға көмек болады.

Премьер-Министр зертханалық және оқу кластарын, техникалық-өндірістік базаны аралап шықты. Колледж металлургия саласы үшін токарь, слесарь, электрогаз дәнекерлеушісі, электро жөндеуші сияқты мамандарды дайындайды. Үшінші курстан бастап студенттер өндірісте жұмыс істейді. Өткен жылы колледж 163 маманды шығарды. Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 97,3%-ды құрайды. Түсті металлургия колледжінің базасында металлургия саласына арналған Біліктілік орталығы ашылатын болады.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев жастардың Студенттер үйіндегі тұру жағдайларымен де таныс болды. Колледж директоры А.Болдашевский 200 адамға арналған ғимараттың 2017 жылдың қарашасында пайдалануға берілгені туралы мәлімдеді. Студенттерге барлық жағдай жасалған, соның ішінде жабдықталған тренажер залы мен хореография залы.
Колледж бен Студенттер үйін аралап болғаннан кейін Б.Сағынтаев ЖОО ректорларымен, колледж, облыс кәсіпорындары басшыларымен, студенттермен өнеркәсіптік индустрияландырудың жаңа моделіне арналған білікті кадрларды даярлау мәселесіне байланысты жиын өткізді.
Кездесу барысында техникалық мамандықтардың білікті кадрларын даярлау, цифрландырудың дамуын ескере отырып қызметкерлерді дайындықтан қайта өткізу, колледж престижін арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары қарастырылды.
Кездесу қатысушылары айтып өткендей, ел экономикасын дамыту үшін жаңа зауыттар салып, инвестициялар тартумен қатар жаңа білікті мамандарды даярлау керек. Жастарды экономикаға тартудың механизмдерінің біріне техникалық және кәсіби білім жатады.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлімдегендей, біздің өңір көпсалалық индустриялық кешен болып табылады. Жақын арада 4000 жаңа жұмыс орнының пайда болуына әкелетін 14 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаумен айналысатын ТКББ жүйесін жаңарту үрдісі басталды. Бүгін 17 000 жастар ақысыз техникалық және кәсіби білім алуға мүмкіндік алып отыр», – деді облыс әкімі. Оның айтуынша 45 колледжде 46 мамандық бойынша дуалды білім беру жүйесі жүзеге асырылады. Облыс өнеркәсіптерімен серіктестік жөнінде келісімшарттар жасалады. Өндірістің өзінде дайындықтан өту уақыты 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар ТКББ жүйесі жаңарту аясында колледждерді сенімді басқаруға беру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Б.Бақауов айтқандай, соның нәтижесінде бірнеше тапсырма орындалады: білім беру жүйесіне экономиканың нақты секторын тарту, колледж инфрақұрылымдары мен базаларын сақтау мен ұлғайту.
Кездесу барысында бейінді министрліктердің өкілдері пікірлерін білдірді. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев білім беру жүйесінің дамуы жөнінде айтты. Даму ЖОО академиялық бостандығы, колледждердің мамандануы мен дуалды білім беру жүйесінің нәтижесінде жүреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова өз кезегінде еңбек ресурстарының ауысуын бақылау мәселесіне қатысты айтты.
«Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес еңбек ресурстарының ауысуын басқару бойынша кешенді жол карталарын құруды бастадық. Қазіргі таңда жұмыс еліміздің ірі кәсіпорындарымен жүріп жатыр. Павлодар облысында 19 кәсіпорынмен карта жасалған, облыстың 9 кәсіпорны өндірісті жаңартуды жоспарлап отыр», – деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Сондай-ақ, кездесу барысында ірі кәсіпорындар басшылары сөз сөйледі. «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Р.Романов кәсіпорындағы жастардың даярлануы мен жұмысқа тұруы жөнінде айтты. Ауыл шаруашылығы саласының жетекші бағыттары бойынша мамандарды даярлау мәселесі жөнінде Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің директоры С.Жартыбаев айтып өтті. Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің басшысы А.Поляков, Павлодар мұнай-химиялық зауытының әлеуметтік мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары А.Имантаева студенттерді дуалды жүйе бойынша даярлау шеңберінде колледждермен серіктесу туралы айтты. ТКББ жүйесі бойынша практикадан өту тәжірибесімен және жеке ойымен Павлодар түсті металлургия колледжінің түлектері Т.Күлемшатов пен А.Магауиянов бөлісті. ТКББ жүйесін енгізіп жатқан кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығы туралы Еуропалық реконструкция және даму банкі кеңсесінің басшысы А.Прейманис айтып өтті.