
Өңірде тұрғын үйлерді пайдалануға беруді қоспағанда, барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,2% деңгейінде тіркелді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 106,8% құрады. Экономикаға 75,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өсу қарқыны - 126,9%.
Сонымен қатар, өңір басшысы Аққулы, Май және Павлодар аудандарындағы экономиканың төмен көрсеткішіне назар аударды.
- Қазір барлығымыз инвестиция көлемінің төмендеуіне және тұрғын үйлерді пайдалануға беруді басты назарымызға алып, осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың нәтижелерін 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша анықтаймыз, - деді Асайын Байханов.
Екінші сұрақ ретінде бюджеттің атқарылуы қаралды. Облыстар бөлінісінде біздің өңір 1 наурыздағы жағдай бойынша бюджеттің атқарылуы және жылдық жоспарды орындау бойынша 3 сатыда тұр.
Сонымен қатар, жиналыста су тасқынына қарсы іс-шаралар талқыланды. Павлодар және Екібастұз қалаларының, сондай-ақ, Баянауыл ауданының әкімдері қар шығару жұмыстарын баяу жүргізіп жатқандары үшін ескерту алды. Өңір басшысы оларға қардың еру салдарымен күресу жұмыстарын күшейтуді және су басудың алдын алуды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев