

Автокөліктерді учаскелерге жібермес бұрын Павлодар облысының әкіміне таныстырылды. Оның бастамасымен арнайы техниканың 3 бірлігі сатып алынды. «Мерседес» маркасындағы автокөліктер көлік бақылау қызметкерлеріне жүк көлігінің тез арада шамадан тыс асыра тиелгенін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталған. Қозғалмалы таразының көмегімен ауыр жүк таситын көліктің салмағы 2-3 минуттың ішінде анықталады.

– Біздік қызметкерлер жүктің шамадан тыс ауырлығын белгілейтін болса, олар әкімшілік материалды дайындайды, – деді Павлодар облысы бойынша көлік бақылау инспекциясының басшысы Серік Талдыбаев. – Осыдан кейін жеке тұлғаларға 50 АЕК-ге дейін, ал заңды тұлғаларға 200 АЕК-ге дейін айыппұл салынады.
Болат Бақауовтың айтуынша көлік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен қатар аймақ жолдарының сақталуын жергілікті полиция қызметі мен көлік прокуратурасы қадағалау керек. Бұл түнгі уақытқа да қатысты.
– Бүгінгі күні облыс жолдарының 80%-ы қанағаттарлық жағдайда, – деді аймақ басшысы. – Үкіметтің қолдауымен жолдардың қалған 20%-ын алдағы 2-3 жылда қалпына келтіруге болады. Алайда жолдарда ауыр жүкті көліктердің жүруін тоқтатпаса, жағдай нашарлануы мүмкін.

Мобильді постар жұмыс істеген бірінші күні шектен тыс ауыр жүк таситын көліктер анықталды. Қалқаман ауылына жақын жерде шанағында 36 тонна бетоны бар «Howo» өзі аударғыш жүк машинасы тоқтатылды. Ол жердегі тасуға рұқсат етілген жүк мөлшері 16 тоннаны құрайды. Артық салған 20 тонна үшін жүк көлігінің иесі 430 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
