Егістіктерде жұмыс қарқынды жүруде

Егістіктерде жұмыс қарқынды жүруде

Бірінші кезекте Болат Бақауов Александровка тірек ауылына барды. Бұл жерде әкім ауылішілік жолдардың жөнделу барысын тексеріп, орталықтандырылған су желісінің тартылуын бақылады. Осыған дейін ауылда су құбыры ешқашан болған жоқ. Тұрғындар шахта құдықтарынан су алып жүрді. Сонымен қатар аймақ басшысы осы жылы салынған типтік ветеринарлық пунктіне кіріп шықты. Әкімге берілген ақпарат бойынша облыстың 5 ауданында жалпы сомасы 320 миллион теңгені құрайтын 20 жаңа ветпункт пайдалануға берілді. Пункттерде ветеринарлық қызметке қажетті заттардың барлығы бар, соның ішінде қажетті бөлмелер мен автокөлікке арналған гараж.

– Ветдәрігерге басқа не керек? Тек жұмыс істеу ғана қалды, – деді Болат Бақауов. – Ветеринар жүйелі түрде әрбір үйді аралап шығуы керек. Себебі әрбір жануар бақылауда болуы тиіс. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі етті мал шаруашылығын дамыту бойынша үлкен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Сол себепті, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында біз шетелден әкелген малды жоғары деңгейде күтіп ұстауымыз керек.

Сонымен қатар Болат Бақауов Орловка ауылында болды. Осында ол «Победа» ЖШС басшысының бастамасымен ашылған дуалды білім беру орталығына барды. Осы орталықта колледж және ЖОО студенттері ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге үйреніп, практикадан өте алады. – Біз әрдайым жастармен жұмыс істеуге тырысамыз. Себебі жастар – біздің болашағымыз, – дейді «Победа» ЖШС басшысы Александр Поляков. – Егін жинау науқаны мен кәсіпорынның басқа да жұмыстарына 28 студент жұмылдырылған. Солардың қатарында Шарбақты колледжінің студенттері де бар. Егістіктегі жұмыстарға жергілікті мектептің жоғары сынып оқушылары да шақырылады. Практика үшін балалар жалақыларын алады.

– Егістікте жұмыс істеуді маған әкем үйретті, сондықтан «Победа» ЖШС-не практикаға бірталай дағдылармен келдім, – деді он бірінші сынып оқушысы Александр Шиль. – Менің жұмыс күнім сағат 11-де басталып, сағат кешкі 5-те аяқталады. Осында жұмыс істеудің арқасында бидайды өсіріп, жинаудың оңай емес екенін түсінесің.

Шарбақты ауданында аймақ басшысы жергілікті полиция қызметінің жұмысына байланысты жиналыс өткізді. Ол ЖПҚ қызметкерінің ең алдымен өздері жауап беретін учаскелерде болып, жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешуге міндетті екендерін естеріне салды.