Жылы әрі жайлы

Жылы әрі жайлы

Бірінші кезекте Болат Бақауов Ақсу ферроқорытпа зауытына барып, барлық қаланы жылытатын қазандық жұмысын тексерді. Жұмысшылардың айтуынша, жылыту маусымының басталуына қатысты ешқандай қиындықтар жоқ.

– Біз қысқа толықтай дайынбыз, – деді АФЗ бас энергетигі Игорь Кулешов. – Бүгінгі күні балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге жылу берілген. 24 қыркүйектен бастап жылуды тұрғын үйлерге бере бастаймыз. Жылыту маусымында осыған байланысты ешқандай мәселелер туындамауы тиіс.

Сонымен қатар аймақ басшысы №5 энергоблокты қалпына келтіру жүріп жатқан «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ға сапар жасады. Бүгінгі күні өнеркәсіп Ақсу ауылына жылуды бере бастады.

– Павлодар облысының барлық жылу станциялары жұмысқа толықтай дайын деп айта аламын, дайындық паспорттары да бар, – деп қорытындылады облыс әкімі. – Аймақта көмірдің нормативті қоры бар, барлық әлеуметтік объектілер қатты отынмен 100% қамтамасыз етілген. Алайда көмірді жеке меншік үйлерге уақытылы жеткізуде біраз проблемалар бар. Біз бұл туралы бірнеше рет сөйлестік. Жеке меншік үйлер иелері көмірді алдын ала сатып алулары тиіс. Көмір барлық көтерме базаларда жеткілікті деңгейде бар.

Сонымен қатар Болат Бақауов Астана көшесі, 58 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қалпына келтірілу учаскесіне барып қайтты. Бұл көпқабатты үй тоқсаныншы жылдардың басында салынды, алайда 6 подъездің 2-уінде ғана адамдар тұрды. Сол кезден бастап қалған 4 подъезде ешкім тұрған жоқ. Осы жылдың маусым айында құрылысшылар 102 пәтерді қалпына келтіре бастады. «АМБ» ЖШС мердігер компаниясы өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні фронтальді қабырғаны кірпішпен қалау және жылыту және подъезд бен пәтерлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

ЖТҮҚ шағын ауданында аймақ басшысы өз үйлерін салып бастағандармен кездесті. 380 бөлінген жер телімінің ішінен 64-інде құрылыс жұмыстары басталды.

– Жер телімі берілген әр адамға бір шарт қойдық – осы жылы фундамент пен қабырғаларды дайындап, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бітіру, – деді Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко. – Өз үйлерін салып жатқандарға біз қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз, ал құрылыс жұмыстарын бастамағандардан жер телімдерін алып қоюға тура келеді. Алынған жер телімдерін бір кезекте тұрған, құрылысты осы жылы бастауға дайын тұрған басқа адамдарға ұсынамыз.

Айтпақшы, ЖТҮҚ шағын ауданындағы 50 жер телімі ERG құрамына кіретін «ЕЭК» АҚ мен Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлеріне берілді. Облыс әкімі қызметкерлерге жеке тұрғын үй салу мақсатында жеңілдікті қарыз беру туралы Еуразиялық Группа басшылығымен сөйлесуді ұсынды.