Үй аулаларына жарық өткізілсін!

Үй аулаларына жарық өткізілсін!

 

Павлодарды жұмыс сапарымен аралау барысында Болат Бақауов осы жылы жөнделген бірнеше аулаға кіріп шықты. Тұрғындар асфальт төселген жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар үшін ризашылығын білдірді.

 – Біздің ауланы қалпына келтірді, – дейді Катаев көшесі бойында орналасқан 20-үйдің тұрғыны Нина Афанасьева. – Қазір бұл жерде серуендеуге де, жай ғана есіктің алдында отыруға да ыңғайлы. Көршілеріміздің барлығы ауланы осындай күйде сақтауға тырысады деп үміттенемін.

Қалпына келтіру науқанының аясында облыс орталығында 190-нан астам аула көріктендірілді. Қазуркоммуналшылар аулаларға өзен құмы мен топырақты әкелумен айналысып жүр.

– Бірнеше күн бұрын бізге топырақ әкелінді, енді әдемі болу үшін не егетінімізді ойластырып жүрміз, – дейді Торайғыров көшесінде орналасқан 44/1-үйдің тұрғындары. – Сондай-ақ, бізде хоккей кортын сала бастады, алғысымызды білдіреміз.

Павлодарлықтармен сөйлесу барысында аймақ басшысы келесі жылы басшылықтың аулаларды көріктендіріп, жарықтандырумен айналысатындары жөнінде айтты.

 – Аулалар даладан гөрі жарық болуы тиіс, – деді облыс әкімі. – Түнгі уақытта адамдар қорықпай далаға шығып, керек жағдайда дүкенге барып қайтатындай жағдай қалыптастыруымыз керек. Бірақ ең алдымен көріктендіру аясында жасалған жұмыстарды адамдар бағалап, сақтаулары тиіс.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Болат Бақауов Жағажайды ұзарту бойынша жасалып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, «Сарыарқа» шағын ауданындағы құрылыс учаскелерін аралады, Екінші Павлодардағы жерасты суларын бұруға арналған шұңқырдың қазылып жатқан жеріне барып қайтты.