Павлодар облысында ҚР Президентінің Жолдауын талқылады

 Павлодар облысында ҚР Президентінің Жолдауын талқылады

 

Достық үйіне Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ірі кәсіпорындардың басшылары, бизнесмендер мен журналистер бас қосты. Аймақ басшысы өз баяндамасында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақының 1,5 есе – 28-ден 42 мың теңгеге дейін артады деген Президенттің сөздерін тілге тиек етті. – Бұл әртүрлі меншік иесіндегі барлық салалар мен кәсіпорындарға, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне тікелей қатысты, – деп атап өтті әкім.

– Дегенмен ең төмен жалақы мөлшері күнкөріс минимумына тәуелді болмайды. Соңғы өзгерістерге қарап біз елімізге жаңа «даму сапасы» қажет екенін түсініп отырмыз. Осы Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатын көтерудегі алдағы міндеттерімізді айқындайды, – деді. Болат Бақауов Павлодар облысында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдаланып, 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен жұмыс өнімділігін 2,5 есе арттыруды жоспарлағанын жеткізді.

– Бұдан бөлек бізге баламалы энергетика, жаңа материалдар, блокчейн және т.б. бағыттардың дамуын қамтамасыз ету керек, – деді аймақ басшысы. Президент Жолдауына қатысты осы сынды жаңашылдықтар жоспарын әкімнің орынбасарлары да айтып берді. Бірінші орынбасары Ұлан Жазылбектің мәлімдеуінше Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. – Өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асуда. Тек осы жылдың өзінде 300 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілмек. Өсу қарқыны шамамен 20 пайызды құрап отыр. Соңғы рет мұндай көрсеткішке тек 1991 жылы ғана жетіппіз. 2021 жылы біз «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысын аяқтаймыз, биылғы жылы «Достық» тұрғын үй кешенінің алғашқы іргетасы қаланбақ. Кейін ол «Достық-2-ге» ұласып, жалпы ауданы жарты миллион шаршы метрге дейін жетеді. Бірақ біз қолжетімді, әдемі үйлер ғана емес, шағын мобильді топтардың қажеттіліктерін өтей алатын, барынша энергиялық тиімді ғимараттар тұрғызуымыз керек, – деді Ұлан Жазылбек. Бұдан бөлек жиында білім беру жүйесіне енгізілгелі жатқан реформалар, ұстаз статусы туралы жаңа заң, балабақша тәрбиешілері мен мектеп психологтарының еңбек ақысын көтеру, білім беру мекемелерін бақылау камераларымен жабдықтау және жұма күні Президент айтқан басқа да жаңашылдықтар туралы әңгіме өрбіді.