Қосылып ән шырқайық!

Қосылып ән шырқайық!

Концертке келушілер үшін әншілер түркі халықтарының бірнеше тілінде ән шырқады. Олардың арасында «Дос-Мұқасан» тобының белгілі әні «Су тасушы қыз» да болды. Жалпы алғанда, хормейстер Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен хор 20 туынды орындады. Оған акапелла да, әр түрлі музыкалық инструменттердің көмегімен айтылған әндер де кірді.

Кеш қонақтарының арасында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та болды. Ол ұйымдастырылған музыка кеші үшін алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Павлодардан жастар камералы ТҮРІКСОЙ хоры Шығыс Қазақстан облысына аттанды. Кейін топ астанамыздың «Астана-Опера» сахнасында өнерін паш ететін болады.

Жастар камералы ТҮРІКСОЙ хоры 2015 жылы ТҮРІКСОЙ бас хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дүйсен Қасейіновтің бастамасымен құрылды. Топ Азия және Еуропа елдерін шарлап, хорлар арасындағы халықаралық сайыстарға белсенді қатысып келеді. Түркі халықтарының әндерімен қатар олардың репертуарларында түркі елдерінің қазіргі заманғы композиторлары мен батыс еуропалық хор музыкасының туындылары бар.