
Мәжіліс спикері Қазақстан электролиз зауытына жасаған сапары барысында кәсіпорынның жұмысымен танысып, өнеркәсіп жұмысшыларымен кездесті. Жылына өндірістік қуаты 250 мың тоннаны құрайтын зауыт технологиялық таза алюминий, алюминий құймаларын шығарумен айналысады. Ішкі нарықтан бөлек өнімдер әлемнің 20-дан астам еліне, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Еуропа мемлекеттеріне жеткізіледі.

Жылдан жылға өндірістік қуаты артып келе жатқан зауыт салу бастамасын 10 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Сол себепті елбасының барлық ұсыныстарын зауыт ұжымы қуана қабылдайды. Кәсіпорын жұмысшылары оларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға даярлығын білдірді. Экономикалық саясатың негізгі элементі ретінде Қазақстан Президенті экспортқа негізделген индустрияландыруды көрсетті.

– Өңдеуші өнеркәсіптерге үлкен көмек көрсетілетін болады, аграрлық сектордың жаңартылуына қаражат бөлінбек. Болашақ экономиканың жаңа технологияларын дамытуға ерекше мән берілетін болады. Бұл кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы талпыныстың көрсеткіші, яғни барлығымен тең дәрежеде болуды емес, әлем көшбасшыларының қатарында болуды көздейді. Жақын арада Қазақстанның шетелге өнімдерді одан да жоғары қосымша құнмен экспорт жасайтынына сенімдімін, – деді Н.Нығматулин электролиз зауытының жұмысшыларына айтқан сөзінде.
Президент Жолдауының басты бағыттары жайлы айта отырып, Мәжіліс спикері әлеуметтік бастамаларға ерекше тоқталды.

– Өзінің маңыздылығы бойынша Президенттің осы жолғы Жолдауы «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегияларымен бір қатарда тұр. Ол қоғамымыздың бірнеше жылға дамуын анықтайды. Қойылған мақсаттардың ауқымы, өзгерістердің енгізілу қарқындылығы және өзінің әлеуметтік бағытталуы бойынша бұл бағдарламалық құжаттың баламасы жоқ. Жолдаудың сәтті жүзеге асырылуы болашақта өмір деңгейінің көтерілуіне және барлық қазақстандықтардың оң бағасына қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп сенім білдірді Нұрлан Нығматуллин.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Жолдаудың негізгі бағыттарының Парламенттің заңнамалық жұмысының негізіне айналатынына сендірді.