Павлодар облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні салтанатты түрде атап өтілді

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні салтанатты түрде атап өтілді

Естай атындағы мәдениет сарайында облыстың түкпір-түкпірінен агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері жиналды. Мұнда ауыл шаруашылығы техникаларының, жаңа технологиялардың, азық-түлік өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Асайын Байханов павлодарлық аграршыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл мыңдаған адамды асырап отырған барша еңбек адамдарына құрмет білдіретін күн екенін атап өтті. 

- АӨК қарқынын сақтау және тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бүгінде ауыл шаруашылығында, өз өнімдерін қайта өңдеу мен шығаруда ауылдың резервтері шоғырланған. Мұның артында тек еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, азаматтардың әл-ауқаты мен ұлт денсаулығы тұр, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Өтіп бара жатқан жыл фермерлер үшін оңай болған жоқ. Қолайсыз ауа-райы шөп дайындауға, егіс жағдайына әсерін тигізді. Осыған байланысты облыстық бюджеттен жем-шөп дайындау жұмыстарын субсидиялауға 3 млрд теңге бөлінді. Үкіметтің резервінен өңірдің 1 300-ден астам шаруа қожалықтарының субсидиялары бойынша қарыздарын өтеу үшін 6,2 млрд теңге бөлінді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен «Павлодар» ӘКК жанынан арзандатылған жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды.

Өңір басшысы облыс әкімдігі алдағы уақытта да АӨК-ке маңызды көңіл бөлетінін атап өтті. Өңірде суармалы егіншілік дамуда, егіс алқаптары ұлғаюда, су үнемдеу технологиялары қолданысқа енгізілуде, мал шаруашылығында да қарқынды өсім байқалуда. Бұл фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Облыс әкімі ауыл еңбеккерлеріне жауапкершіліктері мен өз істеріне деген адалдықтары үшін алғысын білдірді. Агросаланың үздік қызметкерлері мемлекеттік және өңірлік наградалармен: «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін», облыс әкімінің, ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Номинациялар бойынша дипломдарды АӨК бірқатар кәсіпорындары алды.

Сонымен қатар, мереке күні Баянауыл, Май, Ертіс, Аққулы, Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарының, сондай-ақ, облыстық ветстанция және Екібастұз қаласының ветеринариялық станцияларының ұжымдарына 14 жаңа қызметтік көліктің кілттері табысталды.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев