Алғашқы тұз өндірушілердің құрметіне

 Алғашқы тұз өндірушілердің құрметіне

 

Ескерткіш өзен вокзалындағы «Толқын» саябағының алдында орналасқан. Монументтің орнатылуын жақтағандардың айтуынша, Ертіс өзенінің жағалауы ескерткіш үшін ең тиімді орын.

– Тұз шығару саласының арқасында, яғни 1720 жылы Коряков көлінде өндірілген Ертіс жанындағы тұз қорларының жанында бекініс пайда болған уақытта әлем картасында Павлодар қаласы пайда болды, – деді монументті орнату бойынша белсенді топтың мүшесі Петр Гарин. – Германия, Ресей, Украина елдерінде тұратын біздің тұзшылардың ұрпақтары аталарының қажырлы еңбектерін еске алып, ескерткіш орнатқалы жатқанын естіген кезде қатты қуанды. Біз қала және облыс басшылығына ескерткішті ашуға және жанындағы саябақты көріктендіруге көмектескендері үшін алғысымызды білдіреміз.

Ескерткіш төрт блоктан тұрады. Ол Жаңаөзеннен әкелінген ұлутас пен үстіңгі жағы әдеміленген тұз кристалдарынан жасалған. Барельефтегі сурет арқылы мүсіншілер Павлодар облысындағы тұз өндірушілердің 400 жылдық тарихындағы маңызды оқиғаларды көрсеткісі келді.

Монументтің ашылу салтанатына қатысқаннан кейін аймақ басшысы Павлодарды жұмыс сапарымен аралап шықты. Усолка шағын ауданында ол бүгінгі күні көріктендіру жұмыстары жүріп жатқан кәріздік каналға барып қайтты. Бірнеше жыл бұрын тасталып кеткен жасанды су қоймасынан мердігер ұйымдар барлық қоқымды шығарды. Сонымен қатар құрылысшылар бетон баспалдақтарын, канал арқылы өтетін көпір мен оның екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды салды. Жергілікті тұрғындардың жайлылығы үшін демалатын жерлер мен ойын алаңдары орнатылды

– Көп жыл бойы осы канал бос тұрды, ал қазір қандай керемет болғанын қараңыздаршы, – дейді Майра көшесі бойынша орналасқан №15 үйдің тұрғыны Тамара. – Осыған дейін тіпті каналдың жанынан жай ғана өтудің өзі қорқынышты болды, ал қазір үлкендердің де, балалардың да серуендейтініне сенемін.

Облыс әкімінің айтуынша басшылық облыс орталығының барлық рекреациялық аймақтарды көріктендіруді мақсат етіп отыр.

– Соңғы бірнеше жылдың ішінде облыс орталығында барлық дерлік саябақтар көріктендірілді, – деді Болат Бақауов. – Енді есеп жүргізіп, рекреациялық аймақтарды көріктендірумен айналысып бастау керек. Ол үшін ерекше, қызықты идеялар керек. Бұл жұмысқа барлығы, соның ішінде депутаттық корпус та кірісуі тиіс. Бұл жерде қандай да бір коммуникациялар өтіп жатыр деген сылтаулар болмауы керек. Тәуелсіздік көшесінде трамвай жолдарының бойымен жаяу жүргіншілер аймағында қырлы кеспелердің қалай салынғандығын естеріңізге түсіріңіздерші. Желідегі бірінші авариядан кейін тротуар астындағы тас жапқышты бұзып, лақтыруға тура келеді деп айтқандар көп болды. Алайда осыған дейін ешқандай қиындық туындаған емес.

Сонымен қатар аймақ басшысы Усолка өзені арқылы өтетін автокөлік көпіріне және салынып жатқан олимпиадалық бассейнге барды. Бірінші объектінің екі жолы ашылған болса, спорттық құрылысты жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасында жаңа бассейннің атауын ойластырып жүр.