

Бүгін Ақсу қаласында жаңа қала басшысы таныстырылды. Бұл қызметке Шарбақты ауданының бұрынғы әкімі Балғабай Ибраев тағайындалды. Аймақ басшысы Болат Бақауовтың ұсынысы бойынша қала мәслихаты депутаттары оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
– Меніңше, Балғабай Жұмағұлұлы таныстыруды қажет етпейді, себебі ол көп жыл бойы Ақсуда жұмыс істеді, – деді Павлодар облысының әкімі жаңа тағайындалған басшыны қала активі алдында таныстыру барысында. – Бұл тағайындау Ақсу қаласының дамуына қосымша күш береді деген сенімдемін. Бұл қала барлық аймақ үшін стратегиялық жағынан маңызды, оның өнеркәсіптік әлеуеті бұрынғымен салыстырғанда үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі күні инвестицияларды тарту біздің негізгі мақсатымыз, ал инвестициялық тартымдылықты жақсарту әкім жұмысындағы басты тапсырма болуы керек. Осы мәселені шешуде мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту тетіктерін қолдану көмектеседі деп ойлаймын.

2015 жылдан бастап Ақсуға тағайындалуына дейін Балғабай Ибраев Шарбақты ауданының әкімі қызметін атқарды. Оның алдында жұмыс істеген Николай Дычко бір жылға жуық уақыт сол қызметте болды.

