
Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу жоспарлануда.
Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Биыл іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
1) инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2) агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
3) сыртқы саясат және инвестициялар;
4) экономикалық және қаржылық саясат;
5) цифрландыру;
6) әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
Іріктеу 6 кезең бойынша өткізіледі:
- құжаттарды қабылдау;
- мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
-ситуациялық тапсырмаларды шешу;
- құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат);
- сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
- Ұлттық комиссия отырысы.
Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.