Роман Скляр Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды

Роман Скляр Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды

Сенбі күні, 1 шілдеде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, Павлодар және Екібастұз қалаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Екібастұз ЖЭО-на барып, тәулік бойы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралады.

Станциядағы 10 қазандықтың барлығын жөндеу көзделген, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Бюджет қаражаты есебінен 5 су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 5 энергетикалық қазандықты, сондай-ақ, қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу жүзеге асырылады.

1 шілдеде 2 қазандықты жөндеу аяқталды: №7, № 9. Жөндеу жұмыстары 18 тамызда аяқталатын №6 энергетикалық қазандықта және 5 су жылыту қазандығында жалғасуда. № 11, 14, 15 су жылыту қазандықтарында ескі жабдықтарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде: экрандық панельдерді, газ құбырларын, конвективті пакеттерді және құбырлы ауа жылытқыштардың текшелерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Барлық учаскелерде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

- Жылу беру маусымының басына қарай барлық жұмыстар аяқталуы тиіс. Тиісті қаражат бөлінді, жұмыстар жүргізілуде, - деп атап өтті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Роман Скляр 4 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде болды. Мұнда 5,4 км желі толығымен жаңартылады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш учаскелерде 1,9 шақырым жаңа желі салынды. Жұмыстар белгіленген кестеден алда келе жатыр, жоспарланған жұмыстардың барлық көлемін ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Екібастұзда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу беру кезеңіне дайындау белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта гидравликалық сынақтар барысында анықталған барлық 269 ақау толық көлемде жойылды. 690 көпқабатты үйдің 568-інде сығымдау, жүйелерді жуу аяқталды. Басқару нысаны жоқ 182 көпқабатты үйлерде дайындықты қала құраушы кәсіпорындар жүргізуде. Шілде айының соңына дейін барлық жұмыстар аяқталады.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар қаласындағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда негізгі жабдықтың 40 бірлігін жөндеу және 49,1 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жүргізілуде. Облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуын азайту мақсатында 2023 жылы алғаш рет орамішілік желілерді қайта жаңарту жүргізілуде. Барлығы 11,7 км жаңа желілер салынатын болады.

Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының мерзімінде орындалуы және өңірдегі жылу беру маусымына дайындық Үкіметтің басты назарында екенін және облыс басшылығының ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті. Павлодар Ертіс өңірінің тұрғындары үшін алдағы жылу беру маусымдарының сәтті өтуі жергілікті билік пен мердігерлік ұйымдардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.

https://primeminister.kz/kz/news/roman-sklyar-pavlodar-men-ekibastuz-kalalaryndagy-zhondeu-zhumystarynyn-karkynyn-basendetpeudi-tapsyrdy-24622