
22 сәуірде кеншілер қаласында жылу беру маусымы аяқталды. Ал, 24 сәуірде «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС желілердің неғұрлым осал учаскелерін анықтау үшін гидравликалық сынақтарды бастады. Қазірдің өзінде 119 ақау анықталып, оның 25 учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды.
Бүгін өңір басшысы құбырларды ауыстырып жатқан 4 учаскеде болып, жөндеу жұмыстарына жауапты «Grappa-Stroy» ЖШС өндірістік базасына барды. Мердігер ұйым материалдар мен қажетті жабдықтар жеткілікті деп сендірді.
Жалпы Екібастұзда 40 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Әбден тозығы жеткен құбырлар толығымен ауыстырылады. Жұмыстарды 25 бригада жүргізуде және 10 маусымға дейін аяқтауға уәде берді.
- Әр учаскеде жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын анықтап, барлық қажетті жұмыстарды сапалы және мерзімінде жүргізіп, ыстық судың болмау мерзімін барынша қысқарту қажет. Сондай-ақ, ПИК-тер алдағы жылу беру маусымына үйлердің дайындығын бақылауы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев