Павлодар облысында екі ерекше кәсіпорын іске қосылды

 Павлодар облысында екі ерекше кәсіпорын іске қосылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірге қатысты. Қазақстан Президенті мемлекеттің тұрақты және әртараптандырылған экономикасын қалыптастыру жолындағы индустрияландыру бағдарламасының маңызды рөлін атап көрсетіп, оны жүзеге асырудағы нақты нәтижелерге жекелей тоқталды.

– Индустрияландыру жүргізген жылдары біз 1250 жаңа кәсіпорынды іске қостық, олардың ішіндегі 100-і тек биыл ғана жүзеге асты. 300-ден аса жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 мемлекеті біздің өнімдерді тұтынады. Соңғы жылдары біз бұрын Қазақстанда өндіріліп көрмеген 500 тауар түрін шығара бастадық және 50 жаңа өнім түрін экспорттап жатырмыз, – деді Елбасы.

 «Индустриалдық серпіннің» бірінші блогына өндіріс секторының жеті кәсіпорыны кірді, оның ішінде Екібастұз қаласында өндірілетін теміржол дөңгелектері де бар. Телекөпір аясында Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру күніне орай Екібастұздағы теміржол дөңгелектері өндірісі мен майнингтік ферманың жұмысына старт берді. Өндірістік қуаты жылына  200 мың теміржол дөңгелегін құрастыратын зауыт “Проммашкомплект” ЖШС базасында орналасқан. Құны 54 миллиард теңгені құраған жоғары технологиялы жоба импорт алмастыруға бағытталған.

– Өндірістік қуатымызды толықтай пайдаланар кезде «Проммашкомплекта» штаты бір мыңнан астам адамды біріктіреді, – деді ЖШС басқарма төрағасы Дәулет Сыздықов Елбасына айтқан сөзінде. – Өнімнің үштен екі бөлігі сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Нұрсұлтан Әбішұлы, жаңа кешеннің жұмысын бастауға команда бергеніңіз – біз үшін үлкен мәртебе.

– Теміржол құрамдарына дөңгелек өндіру біздің импорттық позициямыз болатын, – деді Президент. – Бұл біздің елдің индустрияландырылуындағы жаңа сөз. Барлық қызметкерлерге, құрылысшыларға, монтаждаушыларға және пайдаланушыларға шексіз алғысымды білдіремін және толағай табыстар тілеймін. Кәсіпорынды іске қосайық, халық жұмысын бастап, өнім өндірсін.

Ресми түрде іске қосылғаннан кейін зауытта дөңгелек өндірісінің толық циклі көрсетілді. Теміржол дөңгелектерін өндіретін Екібастұз зауыты – осы саладағы ТМД-ның төртінші, ал Орталық Азияның жалғыз зауыты. Кәсіпорын толықтай еуропалық құрылғылармен жабдықталған. Өндіріске арналған шикізатты компания ресейлік “Таганрогский металлургический завод” ААҚ-тан сатып алады, алайда алдағы уақытта “KSP Steel” ЖШС-пен серіктес болатын жоспары бар