

Мемлекеттік мереке қарсаңында «Сарыарқа» шағын ауданында бірден тоғыз қабатты екі үй есігін ашты. Пәтерлердің кілтін павлодарлықтарға облыс әкімі табыстады. Болат Бақауов айтқандай, аймағымыз тұрғын үй құрылысы қарқынын бәсеңдетпек емес.
– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда, оның ішінде біздің аймағымызда да атқарылған іс аз емес – кәсіпорындар мен зауыттар жұмыстарын бастауда, шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді, әлеуметтік нысандар салынып жатыр, – деді қуаныш иелеріне. – Бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқасында сіздер жаңа пәтер иелері атанып отырсыздар. Мен сіздерді шын жүректен бүгінгі қуанышты күнмен құттықтаймын! Керегелеріңіз кең, терезелеріңіз тең, дендеріңіз сау болсын, әр отбасыға береке-бірлік, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін! Алар асуларыңыз көп болсын!

Әр үйде бір бөлмелі 54 пәтер, екі және үш бөлмелі 27 пәтер бар. Құрылыстың жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрады. Көпқабатты үйлерді аймағымызға танымал «Портал-ПВ» ЖШС және «ГСУ «Курылыс» ЖШС тұрғызды.
– Бүгін біздің отбасымыз жаңа пәтердің кілтін иемденді, – деді қоныс тойын тойлаушы Асанәли Садықов. – Біз үшін бұл айтулы оқиға, өйткені баспана мәселесі бәрінен маңызды. Ал кілтті табыстау рәсімі Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келуі екі есе қуантты. Барлықтарыңызды Қазақстанның ең ұлық мерекесімен құттықтаймын!

Мереке күніне орай ардагерлер саябағында қызметте қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Қылмыспен күресіп, өмірін құрбан еткендерге орнатылған монументте «Erlik, abyroi, mindet» сөзі жазылған.
2008 жылы Тереңкөл ауданында қызметтік борышын өтеп жүргенде қаза тапқан Фарид Какабаевтың қарындасы Сағила Хамитқызы:

Павлодарлық полиция қызметкерлерінің әріптестерін ұмытпағандарына алғыс білдіремін. Бұл ескерткіш өскелең ұрпаққа құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғам тыныштығын сақтау үшін қандай қиындықтарға барғанын көрсетіп, ерліктерін айғақтайды, – деді.
Осы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облыстық департаментінде жаңартылған музейін көпшілікке таныстырды. Совет үкіметі кезінен басталатын ведомство тарихын ҰҚК қызметкерлері бес залға жайғастырған. Шағын экскурсия барысында жөндеуден өткен экспозицияның алғашқы қонақтарына бұрын арнайы қызметтер қолданған арнайы құралдар көрсетілді. Сондай-ақ, кейбір стендтерде ведомствоның кейбір үздік қызметшілерінің аттары жазылып тұрды. Әрбір бөлмені аралап шыққан Болат Бақауов музейдің құрметті қонақтарына арналған кітапта жазба қалдырды.

