
Бірден аймақтың бірнеше жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерін 2018 жылы аяқталмаған жұмыстары үшін Болат Бақауов тәртіптік жазаға тартты. Аймақ басшысының орынбасары Жайық Шарабасовқа және Баянауыл мен Ертіс аудандарының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов пен Серік Батырғожиновқа ескерту жасалды, ал Успен ауданының басшысы Бауыржан Қасеновке қатаң сөгіс жарияланды.
Облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан басшылары және аудандық басқарма басшылары қатысқан кездесу «Нұр Отан» партиясының филиалында өтті. Болат Бақауов аймақ басшысы мен оның орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері арасындағы меморандумдардың орындалуы бойынша баяндамаларын тыңдады. Болат Бақауовтың көптеген ескертулері жол қызметі сервисін дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу нысандарының сапасы мен ауқымы жайлы және инвестициялық жобаларға қатысты болды.
– Көптеген бағыттар бойынша орындалғаны тек есеп-қисап қана, ал іс жүзінде ештеңе де жоқ, – деп әкім қол астындағыларының жұмысын қорытындылады. – Жол бойындағы сервис бойынша әлі бір де бір ауыз толтырып айтатын нысан салынбаған, ал облыс аумағындағы басқа кафелер өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қалып қойған. Осы жылы іске қосамыз деген ауылшаруашылық саласындағы 18 қайта өңдеу нысанының тек 8-і ғана тапсырылды. Оның өзі шағын наубайханалар мен жармалағыштар. Қашан қала мен аудандарда жаңа ірі қайта өңдеу нысандары пайда болады?


Сондай-ақ Болат Бақауов облыс және республикалық тас жолдарда жүретін көліктердің шамадан тыс артық жүк тасымалдау мәселесін көтерді. Оның ойынша, бұл жұмыспен айналысатын органдар өз қызметіне немқұрайлы қарайды.
– Мен машиналардың артық салмақ тасып бара жатқанын күнде көремін, – деді аймақ басшысы. – Жергілікті полиция қызметі бұл мәселені шешуге асығар емес, полиция департаментінің де жағдайы осы. Көлік инспекциясы мен көлік прокуратурасы бұл жұмыспен айналыспайды. Ал бір жүргізуші қарсы бағытқа шығып кетсінші, барлық ГАИ қызметкерлері сол жерге жиналушы еді! Бұл жерде де өрескел қателіктер орын алып отыр, бірақ ешкім ешқандай әрекет жасап жатқан жоқ! Егер біреулер жұмыс істегісі келмесе, жұмыс істемейтін болады!

Жиында облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуын да талқылады. Аймақ басшысы аппаратының бастығы Ағыбай Әмірин атап өткендей, көптеген әкімдер әртүрлі сылтаулар айтып, басышылық тапсырмасын орындау мерзімін шегере береді. Әрине бұл тұтас мемлекеттік органдардың жұмыс сапасына да әсер етпей қоймайды. Бұдан бөлек, басшыларға сол жерде халықпен тығыз қарым-қатынас жасамағаны үшін айып тағылды – әкімдер қала және ауыл тұрғындарымен сирек кездеседі, сол себепті олардың мұң-мұқтажын білмейді.
– Адамдар шешімін таппай жүрген түйткілдерімен бірден облыс әкімдігіне асығады, бірақ барлық мәселелерін сіздермен шешуі тиіс, – деді Болат Бақауов. – Тұрғындар көбіне мемлекеттік қызмет көрсету сапасына наразы. Бұл жердегі гәп мемлекеттік қызметте емес, олардың сауатты көрсетілмеуінде. Біз үнемі бизнесті дамыту, инвесторларды тарту туралы жиі айтамыз. Алайда жер телімдерін беру үшін сан түрлі қағаздың артына салып қойса, басқасы туралы не деуге болады?


Кездесу барысында Павлодар облысы әкімі біразына тәртіптік жазалар тағайындады. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасары Жайық Шарабасовқа және Баянауыл мен Ертіс аудандарының әкімдері Оразгелді Қайыргелдинов пен Серік Батырғожиновқа ескерту жасалды, ал Успен ауданының басшысы Бауыржан Қасеновке қатаң сөгіс жарияланды.
Павлодар облысы әкімінің Баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың фотосы
