«Сарыарқа» шағын ауданында кездесу өтті

 «Сарыарқа» шағын ауданында кездесу өтті

Павлодар облысының әкімі өткен жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа үйден пәтер алған «Алюминстройлықтарға» барып қайтты. Сонымен қатар Болат Бақауов аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Оның барысында облыс орталығындағы құрылыс жұмыстары мен ескі екі қабатты үйлердің тұрғындарын көшіруді жалғастыру мәселелері талқыланды.

Өткен сенбі күні аймақ басшысы Павлов көшесінде орналасқан №97/3 үйдің тұрғындарында қонақта болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл үй арнайы «Алюминстройдан» көшіп келгендер үшін салынды. Алайда олардың арасында ескі үйін жаңаға ауыстыруға келіспегендер де болды. Тұрғындар пәтерлердің суық екенін және құрылыстың сапасыз жүргізілгенін алға тартты. Бірақ бүгінгі күні жаңа салынған үйде тұрып жатқандардың біреуінен де мұндай шағым түскен жоқ. Керісінше, адамдар ризашылықтарын білдіріп жатыр.

– Балалармен, немерелермен ескі үйде тұрғанда талай қиындықтарды көрдік, – дейді Анна Павлецова. – Төбеден су ақты, ол тіпті шіри бастады. Бүгінде біз көрген бүкіл қиындықтарды ұмытып, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Біз үшін ең маңыздысы – үйдің жылы және жайлы болуы.

Бұл пікірмен кезінде жаңа үйлерге көшуден бас тартқан басқа үйлердің тұрғындары да келіседі.

– Мен 44 жыл бойы ескі үйде тұрып келдім және бір күні екінші қабаттың тұрғындары бірінші қабаттағы көршілерінің басына құлайды деген үрей болды, – деп есіне түсіреді Екатерина Петрова. – Құдайға шүкір, барлығымызды жаңа үйге көшірді.

Статистикаға сүйенсек, көбінесе қамыстан салынған екі қабатты үйін 8 отбасының біреуі ғана қимайды екен. Бүгінгі күні дәл сондай жағдай Академик Шөкин көшесіндегі №164 үйде орын алып жатыр. Бұл үйдегі бір пәтердің тұрғындары айырбастауды тең дәрежелі емес деп санағандықтан жақын жерде салынып жатқан көп қабатты үйге көшуге келіспей отыр. Басқа пәтер тұрғындары көшуге дайын, тіпті көршілеріне әсер етуін өтініп отыр.

– Бір үйдің тұрғындары өзара келісімге келу керек, – деді облыс әкімі. – Егер бәрі келісіп, бір пәтердің тұрғындары көшуге келісім бермесе, біз оларды күштеп алып шыға алмаймыз.

Болат Бақауовтың шағын аудан тұрғындарымен кездесуі  Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында өтті. Кез-келген азамат өзін мазалап жүрген сұрақты қоюға мүмкіндік алды. Диалог барысында аймақ басшысы көшіп келушілер арасында үлестілірлмеген пәтерлерді «7-20-25» бағдарламасы бойынша беруді ұсынды.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев