Жасайтын жұмыс жетерлік

 Жасайтын жұмыс жетерлік

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әлеуметтік блок жөніндегі орынбасары Мейрам Бегентаев пен білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, мәдениет, архивтер және құжаттама аудандық мекеме басшылары, сондай-ақ жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысымен бас қосты.

Облыс әкіміне мәлімдегендей, білім беру басқармасының алдында 8 стратегиялық міндет тұр. Бұлардан бөлек аймағымыздағы ауыл мен қала мектептерінің білім беру сапасын теңестіру көзделген. Сондай-ақ шағын жинақты мектеп мәселелері де сөз болды. Болат Бақауовтың айтуынша мақсат – мұндай мектептерді жабу емес.

– Керісінше, бұл мектептер жұмысын жалғастыру үшін әрекет етуіміз керек, – деді ол. – Осы орайда тұрғыны аз елді мекендерімізге тығыз орналасқан аудандардан, сондай-ақ басқа облыстардан да адамдарды көбірек көшіру жұмыстарын жүргізуге тиістіміз. Егер ауылға 5-6 отбасы қоныс аударса, мектепке жаңа оқушылар келіп, бұл мәселе бірден шешімін табар еді.

Сонымен қатар аймақ басшысына мектептерді басқарудың жаңа үлгісіне сәйкес қамқорлық кеңестерінің жұмысы туралы баяндалды. Осыған сәйкес оқу орындарының директоры лауазымына кандидаттарды іріктеуге арналған 1-ші тест 30 қаңтар күні болмақ. Одан кейін үміткерлер қамқорлық кеңесінің алдында мектепті дамытудың әлеуетті жоспарын қорғауға тиісті.

– Мектеп директорлары өз қызметтеріне 3 жыл мерзіміне тағайындалады, – деді аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев. – Яғни, бұрын қамқорлық кеңестері үстіртін жұмыс істесе, енді білім беру басқармасы бұл жүйені қолға алып, осы бағытта біршама жұмыс атқармақ.

Мәдениет басқармасының жоспарларымен жаңадан келген мекеме басшысы Бақыт Анисова бөлісті. Оның айтуынша, «Ұлы дала елі» фестивалін Баянауыл ауданында өткізу ұсынылған екен. Ауқымды іс-шара аясында аймағымызда бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы аталып өтілмек – Олжабай батырдың 310 жылдығы, Қосым Пішенбаевтың 175 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың 130 жылдығы, Сәбит Дөнентаевтың 125 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығы, Әлкей Марғұланның 115 жылдығы, Шәкен Аймановтың 105 жылдығы және күйші Рүстембек Омаровтың 100 жылдығы. Бұдан бөлек аталмыш мекеме қала мен аудандарда жаңадан ашылған коворкинг-орталықтардың, кітапхана мен клубтардың жұмысын кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.

– Коворкинг-орталықтар ауыл жастарының қуана жиналатын орнына айналуы тиіс, – деді облыс әкімі. – Ол жерде әр түрлі үйірмелер, бірлестіктер, клубтар жұмыс істей алады. Жастарды бірлікке шақыру керек, сан салада өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беруіміз керек.

Ал аймақ бойынша жастармен қандай жұмыстар жүргізілетіні туралы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Руслан Тілеулесов айтты. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамту мәселесі де бар.

– Бірінші кезекте біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен меморандумға отыруды жоспарлап отырмыз. Осының нәтижесінде Жастар бастамаларын дамыту орталығында Кәсіпкерлер күнін өткізбекпіз. Онда қызығушылық танытқан мемлекеттік мекеме өкілдері мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері қатысатын болады, – деді басқарма басшысы. – Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бизнеске гранттық қолдауды көбейту мақсатында «Жас кәсіпкер» үкіметтік бағдарламасы әзірленеді. Бұл мақсатқа 32 миллиард теңге  бөлінбек. Аталмыш бағдарлама іске қосылғаннан бастап біз оны жергелекті деңгейде жүзеге асыруға кірісеміз.

Басқарма бос жұмыс орындар жәрмеңкесін дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Өткен жылы мекеме жалпы саны 3 мың жас маманды қамтитын 15 жәрмеңке ұйымдастырған.