Жылдық жоспарлар

Жылдық жоспарлар

Павлодар облысының әкімі өз орынбасарлары мен облыстық басқарма басшыларының 2019 жылға арналған жоспарларымен танысуды бастады. Аймақта жүзеге асатын ірі жобалардан Ертіс арқылы өтетін ескі көпірді жөндеуден өткізу, облыс орталығында киноконцерт залын салуды атап өтуге болады. Ал «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 16 жоба бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр.

Алғашқы жұмыс жиналысын Болат Бақауов бірінші орынбасары Ұлан Жазылбекпен және ол жетекшілік ететін сәулет және қала құрылысы басқармасы, құрылыс басқармасы, жолаушылар транспорты мен автомобиль жолдары басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің басшыларымен өткізді. Оның барысында осы жылы Ертіс арқылы созылған көпірдің толықтай жөндуден өткізілетіні мәлім болды. Сол себепті бүгінгі күні көптонналы жүк таситын автокөліктер үшін өтпежолды жабу туралы мәселе шешілу үстінде.

– Жүк көліктерінің Ертіс арқылы өтуі жаңа «Нұрлы жол» көпірі арқылы жүзеге асырылатын болады, – деп атап өтті аймақ басшысының бірінші орынбасары. – Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ескі көпір арқылы өтетін жүк көліктерінің өтпежолы ашылып, нормативтерге сәйкес пайдаланылатын болады.

Сонымен қатар аймақ басшысы Қалқаман ауылындағы бос тұрған төрт қабатты үйлерді қалпына келтіру мәселесін көтерді. Осы жылы екі үйді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Осыны жүзеге асыру мақсатындағы барлық құжаттар әзірленіп, республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді.

– Сондай-ақ облысымыздың басқа да Красноармейка, Мичурино, Черноярка сияқты ауылдарында ешкім тұрмайтын үйлер бар, – деді Болат Бақауов. – Осындай үйлерді жеке кәсіпкерлерге қалпына келтіру үшін беруді қарастыру керек. Жеке тұрғын үй құрылысы туралы да ұмытпағанымыз жөн. Адамдар жеке үйлерін салғанда қиындықтарға тап болмайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін кез-келген адам өз үйін сала алатындай қарапайым және түсінікті алгоритм шығару керек.

Жолдарды жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарына 2019 жылы 49,5 миллиард теңге қарастырылған. Орталық-Шығыс коридорын қалпына келтірумен қатар аймақта 20 жол учаскесіндегі 170 шақырым жол толықтай және орташа жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар облыс әкімі орынбасары Жайық Шарабасовты, индустриалды-инновациялық даму басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, өндіріс және туризм басқармаларының басшылары мен «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясының басшылығын жоспарын тыңдады.

– 2019 жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын 16 кәсіпорын бастайтын болады, олардың екеуі – Chimec S.p.A. және POSCO трансұлттық компаниялар болып табылады, – деді «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясының басшысы Айбек Тұрсынғалиев. – 16 жобаның жалпы құны 137,8 миллиард теңгені құрайды. 2019 жылы 6 жоба іске қосылып, 44,4 миллиард теңге игерілетін болады.

Болат Бақауов АЭА резиденттердің тарапынан барлық келісімдердің орындалуын және арнайы аймақ территориясындағы бөлінген учаскелердің бос тұрмауын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шараларын белсенді түсіндіру арқылы шағын және орта бизнеспен жұмысты реттеуді міндеттеді.