Жағдайды бақылауда ұстап, кез келген ахуалға дайын болу керек – Әбілқайыр Сқақов коронавирус туралы

Жағдайды бақылауда ұстап, кез келген ахуалға дайын болу керек – Әбілқайыр Сқақов коронавирус туралы

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов медицина және басқа да қызметтердің облысқа коронавирустық инфекцияның ену мүмкіндігіне дайындығын талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың айтуынша, бүгінгі таңда 544 павлодарлық дәрігер COVID-19 вирусының алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша оқудан өтті. Өңірде инфекция анықталған жағдайға 945 төсек-орын дайын тұр. Тағы 480 төсек-орын коронавируспен ауыру мен өлім-жітім деңгейі жоғары елдерден келген адамдарға арналған карантиндік орталық үшін қарастырылған.

– Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес, аудан орталықтарындағы барлық төсектер жиылып, біздің үш қалада шоғырланатын болады, – деді Асхат Оралов. – Егер ауылдарда немесе шекарада біреулерде инфекцияға күдік болса, науқас жақын маңдағы қалаға жеткізіледі.

Барлық медициналық қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен және медициналық препараттармен толық қамтамасыз етілген. Мамандардың айтуынша, COVID-19 вирусы тіркелген жағдайдағы іс-әрекет алгоритмі барынша пысықталды.

– Павлодар облысындағы медициналық желі мықты және дәрігерлер дайындықтан өткен, сондықтан жағдайды бақылауда ұстап, кез келген ахуалға дайын болу керек, – деп атап өтті өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов. – Ешқандай дағдарыстық жағдай жоқ, бірақ дайындық жұмыстары өте маңызды. Коронавирустық инфекция жағдайында дәрігерлер, эпидемиологтар, жергілікті жерлердегі басшылар және басқа да қызметтер арасында билік бөлінбеуі тиіс. Бұл барлық шекаралар жойылатын жағдай. Біз үшін ең бастысы – халықтың денсаулығы.

Профилактика мақсатында облыстың бес медициналық-әлеуметтік мекемесінде (МӘМ) келушілерге карантин енгізілді. Тағы да үш МӘМ-де қабылдау тек күндізгі уақытта жүргізіледі. Сондай-ақ, өңірде барлық мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде театрлар мен кинотеатрларда болмайтын болды. Спорттық іс-шараларға келер болсақ, олар көрерменсіз өтеді. Павлодарлық спортшылардың әлемдік жарыстарға шығуы да шектелді.

13 наурыз күнгі кешкі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус ауруының төрт жағдайы расталды.