
Павлодар облысының әкімі «KSP Steel» ЖШС, «Casting» ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС және Павлодар мұнай-химия зауытында болып қайтты.
Өңір басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралауды болаттан жіксіз құбырлар өндіретін «KSP Steel» ЖШС-нен бастады. Биылғы жылы зауыт 220 мың тонна болат дайындама, 180 мың тонна жіксіз құбыр, 22 мың тонна ферросилиция және 36 мың тонна болат шар шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын басшылары Әбілқайыр Сқақовқа шикізат жетіспейтіні жөнінде айтты. Өндіріс үшін қажетті металл сынықтарының басым бөлігі экспортқа кетеді. Құю өнімдерін өндіретін «Casting» ЖШС-де де ұқсас жағдай. Биылғы жылы зауыт 132,2 мың тонна болат, 123,4 мың тонна құм және 3,1 мың тонна өзекше мен шыбықша өндіруді жоспарлаған болатын. Алайда оны орындау үшін жеткілікті мөлшерде шикізат қажет.
– Бұл республикалық деңгейде кешенді түрде қаралатын өте маңызды мәселе, – деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі. – Біз болат құю кәсіпорындарының ұсыныстарын міндетті түрде қарастырамыз. Басымдылық – жергілікті зауыттардың қажеттіліктерін өтеу, ал одан кейін ғана экспорт.
Павлодар мұнай-химия зауытында өңір басшысына 2017 жылғы жаңғырту нәтижелері туралы баяндалды. Осы жобаның арқасында кәсіпорында шығарылатын бензин сапасы К-4 және К-5 класына дейін көтерілді, авиакеросин шығарыла бастады.
Сондай-ақ кәсіпорында өндірістің қоршаған ортаға әсерінің төмендетілгені туралы мәлімделді. ПМХЗ басшылығы Павлодар көшелеріндегі LED-экрандарға зауыттың шығарындылары бойынша деректерді шығаруға дайын екендігін білдірді.
Мұнай-химия зауытынан кейін Әбілқайыр Сқақов «Нефтехим LTD» ЖШС-не барды. Мұнда метил-трет-бутил эфирі, түйіршіктелген полипропилен және мата полипропилен қаптар шығарылады. 2020 жылы 21,7 мың тонна МТБЭ, 47,8 мың тонна пропилен полимерлері және 52 мың данадан астам полипропиленді қаптар шығару жоспарлануда.