
Өңір басшысы Қараоба және Ақтоғай ауылдарындағы бала бақшаларға қарастырылған ғимараттарды аралады, "Алау" жабық хоккей кортының қызметімен танысты және аудан басшылығымен кеңес өткізді.
Тиісті қаражат бөінген соң екі бірдей ауылда – Қараоба мен аудан орталығында екі бала бақша іске қосылатын болады. Жергілікті басшылар Қараоба ауылында бала бақшаны жеке ғимаратқа орналастыру үшін бұрынғы интернатты реконструкциялауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта құны 380 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама сараптамада жатыр. Ауылда бұрын балабақша болмаған, қазіргі кезде 35 ауыл бүлдіршіні Қараоба мектебінің жанындағы шағын орталыққа барады, тағы 45 бала кезекте тұр. Жаңа нысан бала бақша кезегінде тұрған барлық балаларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Ақтоғай ауылында осы мақсатта өткен жылы бұрынғы дәріхана ғимараты сатып алынды. Мектепке едйінгі мекемеге 83 бала барады деп жоспарлануда. Тиісті құжаттаманы әзірлеуге қаржыландыру қажет. Асайын Байханов облыстық білім беру басқармасына бұл мәселені зерделеп, бюджеттік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.
Бұдан соң Асайын Байханов "Ауыл - ел бесігі" жобасын іске асыру аясында 2021 жылы салынған "Алау"жабық хоккей кортына барды. Мұнда тосқауыл торы бар хоккей алаңы, 48 көрерменге арналған трибуна және екі жылы киім ауыстыратын бөлме бар. Жазда мұз алаңында баскетбол, волейбол, үлкен теннис және т. б.басқа спорт түрлерімен айналысуға болады.
Аудандық спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұқитов хабарлағандай, корттың ғимараты Ақтоғай ауданы әкімдігінің теңгерімінде, бұл хоккей командалары үшін көлік, спорттық форма сатып алуды тежеп тұр. Сондықтан мекемені облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының теңгеріміне тапсырған жөн, - деп атап өтті ол. Спорт басқармасы бұл ұсынысты орынды деп тауып, мекемені өз балансына қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Асайын Байханов аудан басшылығымен және ауылдық округ әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізді. Осы жылы ауданда бірқатар жобалар жоспарланған. Олардың қатарында бірнеше ауылдарда, соның ішінде бұрын су құбыры болмаған Жалаулы ауылына су желісін тарту, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, ауылдардағы кейбір әлеуметтік нысандардың құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстары. Аймақ басшысы әкімдердің жұмыс сапасына адамдардың өмір сүру деңгейі, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды іске асыру сапасы байланысты екенін, ең бастысы, тұрғындардың барлық өтініштері мен шағымдары бойынша жергілікті органдар уақтылы жауап беруі тиіс екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті