
Павлодар облысында медициналық кадрларды дайындаумен қатар медициналық қызмет көрсетуді қамтитын инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл ұсынысты аймақ басшысы Болат Бақауовпен кездесу барысында Семей қаласының Медициналық университеті ректоры Ерсін Жүнісов жеткізді.

Сөзінің басында Ерсін Жүнісов Павлодар облысының түлектер үшін бакалавриатпен қатар магистратура, резидентура, интернатураға облыс әкімінің гранттарын бөлетін жалғыз аймақ екенін айтып өтті. Өткен жылы Семей университетіне Павлодар облысынан 40 түлек түсті.
Медициналық университет басшылығы болашақта жоғары оқу орнының интерндері мен резиденттері тәжірибеден өтетін Павлодар қаласының №3 ауруханасын шаруашылық басқаруға алуды ұсынып отыр.
– Медициналық ғылымның заманауи талаптарының бірі – мультиорталықтандырылған талдаулар. Яғни, талдауларды бірнеше клиникалық негізде өткізуді білдіреді, – деді Ерсін Жүнісов. – Біріншіден, бұл медицина саласының сапалы дамуына мүмкіндік береді, екіншіден, практикалық медицинаға болашақ дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді көбірек тартуға жағдай жасайды.
Келіссөздердің нәтижесінде облыс әкімі Болат Бақауов медуниверситеттің ұсынысын зерттеп, облыс орталығы, әсіресе Лесозавод шағын ауданы тұрғындары үшін оң және теріс жақтарын талдау мақсатында біріккен жұмыс тобын құруды ұйғарды. Сонымен қатар аймақ басшысы медициналық университетке барып, білім берудің барлық сатылары бойынша оның медициналық мамандарды даярлауының сапасын арттыру және клиникалық базасын құру бағытындағы жұмысымен танысатыны туралы уәде берді.
Семей медицина университеті 65 жыл бойы медицина саласындағы мамандарды оқытумен айналысып жатыр. Павлодар облысындағы филиалы 35 жыл жұмыс істейді. 2018 жылдың 19 қарашасындағы ҚР үкіметінің бұйрығына сәйкес университет коммерциялық емес акционерлік қоғам статусына ие болды. Бұл статус университетте дипломнан кейінгі оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Медициналық университет студенттері тәжірибеден бұрынғы Семей қаласының облыстық ауруханасы ғимаратында орналасқан 500 орындық госпидальда өтеді.