Павлодар облысының әкімі Успен ауданындағы әлеуметтік нысандардың жағдайын тексерді

Павлодар облысының әкімі Успен ауданындағы әлеуметтік нысандардың жағдайын тексерді

Асайын Байханов аудандық аурухананың жұмысымен танысты, ақсақалдармен кездесу және жергілікті органдармен кеңес өткізді, “Галицкое” шаруа қожалығына барды және еңбек майданының ардагері Мұхамеджан Бекеновпен сұхбаттасты.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Қаратай ауылында тұратын еңбек ардагері Мұхамеджан Бекеновтің үйіне барып, ақсақалмен сөйлесті. Успен ауданының тумасы Ұлы Отан соғысы жылдарында “Маяк” колхозында түрлі салада еңбек етті. Ардагердің көптеген марапаттары, соның ішінде, “1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” және “Еңбек ардагері”медальдары бар. Асайын Байханов ақсақалға зор денсаулық тілеп, оның ауыл мен ауданды дамыту жөніндегі ақыл-кеңестерін тыңдады.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қаратай орта мектебіне де барды. 2020 жылы мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір мектепте 80 бала білім алады. Мектеп химия, биология және физика кабинеттеріне арналған жабдықтар жиынтығымен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектеп ғимаратында Лозовое ауылдық округінің әкімдігі, фельшерлік пункт, Мәдениет үйі және ауылдық кітапхана орналасқан.

Аудан орталығында өңір басшысы бір ауысымда 170 адамның келуіне есептелген және стационарлық емделуге арналған 20 орны бар аурухананың жұмысымен танысты. Ауруханада барлығы 189 адам жұмыс істейді, оның ішінде 24 дәрігер бар. Жас мамандар облыс әкіміне тұрғын үйдің берілмеуі мәселесі бойынша жүгінді.

- Бүгінгі таңда Успенка ауылында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы берілген 24 пәтерлі тұрғын үйдің жобасы бар, алайда, оған қаржыландыру қажет, - деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Айнұр Әбитова.

Өңір басшысы мұндай жобаларды қолдау бюджетті қалыптастыру кезінде басымдыққа ие болуға тиіс екенін атап өтіп, денсаулық сақтау басқармасына бұл жобаны бюджеттік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.

Аудандық мәдениет үйінде Асайын Байханов жергілікті ақсақалдармен кездесті. Қариялар мәдениет үйінің акт залы мен аула аумағына күрделі жөндеу жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

- Біздің мәдениет үйі – балалар, жастар мен ересектердің араласатын, бос уақытты өткізуге жиналатын орын. Бұл жерде біз мерекелерді атап өтеміз. Бұл ауылдың мәдени және рухани өмірінің орталығы, - деді ауыл ақсақалы Александр Ви.

Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Салтанат Әлпейісова клубтың мәжіліс залын күрделі жөндеуге және мәдениет үйінің аумағын абаттандыруға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген қажетті құжаттама әзір. Өңір басшысы бұл жобаны бюджетті қалыптастыру кезінде қарастыруды және мүмкіндігінше оны қолдауды тапсырды.

Бұдан кейін Асайын Байханов 229 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін “Галицкое” ЖШС көкөніс қоймасының қызметімен танысты. Серіктестіктің директоры Александр Касициннің айтуынша, кәсіпорын суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуды және көкөніс шаруашылығын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі ауданның басшылығымен және ауыл әкімдерімен өткен кеңесте Успен ауданын дамыту мәселелерін талқылады. Асайын Байханов қоныс аударушылар мен қандастардан көптеген өтініштер келіп түсетінін атап өтті. Олардың көбі жұмыспен қамту, жер учаскелерін, тұрғын үй беру, бизнесті дамытуға өтеусіз гранттар беру мәселелеріне қатысты. 2023 жылы ауданға тағы 295 адамды, оның ішінде 225 қоныс аударушы мен 70 қандасты көшіру жоспарланып отыр.

- Аудан әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек. Келіп түскен барлық өтініштерді нақты қарау керек, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ольгино, Вознесенка, Қаратай және Богатырь ауылдарында сыртқы су құбыры желілерінің құрылысын аяқтауды, Вознесенка, Тимирязево, Дмитревка ауылдарының кіре беріс жолдарына, Успенка және Ковалевка ауылдарындағы кентішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізуді, Успенка ауылындағы БЖСМ ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, аудандық ауруханаға қосымша автокөлік бөлу мәселесін қарастыру тапсырылды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті