Денсаулық сақтау басқармасы жұмысының басымдықтары анықталды

Денсаулық сақтау басқармасы жұмысының басымдықтары анықталды

Денсаулық сақтау басқармасының ұжымымен және медицина мекемелерінің дәрігерлерімен өткен кездесуде өңір басшысы павлодарлық медицина қызметкерлерінің тәжірибесінің мол екенін атап өтті.

Оларға үлкен үміт артқан Әбілқайыр Сқақов облыстың денсаулық сақтау жүйесінің бірінші кезектегі міндеттерін белгіледі. Өңір басшысы саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеуді және медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

– Материалдық-техникалық базаны жақсартып, медициналық жабдықтарды пайдалану тиімділігі мен қажеттілігін талдау қажет, – деп мәлімдеді облыс әкімі. – Өкінішке орай, пациенттер ағынының реттелмеуіне байланысты жабдықтардың тоқтап тұру мәселесі әлі де бар. Осы жұмысты үйлестіріңіз. Сондай-ақ ғимараттарға,  медициналық жабдықтарға,  денсаулық сақтау саласы объектілерін күрделі жөндеуге және жаңаларын салуға  техникалық аудит жүргізу қажет.

Әбілқайыр Сқақов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелеріне жеке тоқталып өтті.

Дәрігерлерге бұл мәселені халыққа барынша түсіндіруді және өз жұмысында әрдайым емделушілердің мүдделері үшін қызмет етуді тапсырды. Өңір басшысы сондай-ақ бүкіл әлемге тарап жатқан коронавирустың алдын алудың барлық шараларын қабылдау қажеттілігін атап айтты.

Оған қоса, облыс әкімі павлодарлық медицина қызметкерлерінің шетелде оқып, даярлықтан өту керектігін айтты. Бұл қызмет етіп жүрген дәрігерлерге де, басқарушы буын қызметкерлеріне де қатысты. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының алдында медициналық қызметтің сапасын мұқият бақылау, медициналық мекемелерді белсендірек цифрландыру, озық технологиялы медициналық орталықтар құру және жедел жәрдем қызметінің жұмысын жақсарту міндеттері тұр. Бұған дейін хабарланғандай, Әбілқайыр Сқақов денсаулық сақтау басқармасының жаңа орынбасарын,  ведомство басшысының міндетін қоса атқаратын Біржан Досмайыловты таныстырды.