Павлодар облысының екі ведомствосында кадрлық ауыс-түйіс орын алды

 Павлодар облысының екі ведомствосында кадрлық ауыс-түйіс орын алды

Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасын Рүстем Раисов, ал, өңірлік статистика басқармасын Жеңіс Шақатов басқаратын болды.

Ведостволардың жаңа басшыларын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып бұған дейін құрылыс басқармасын басқарған Рүстем Раисов тағайындалды.

– Бүгінде біз жолдардың жөнделуі мен олардың сақталуына көбірек көңіл бөлеміз, – деді аймақ басшысы. – Бізге қалалар мен аудандарды дамыту жоспарларын құрастыру мен бекітуді тікелей жүргізіп, тұрақты түрде жөндеуге ұсынылатын жолдарға талдау жасап, құрылысы бойынша мердігердің жұмысына және жалпы қолданыстағы жолдардың сақталуына бақылауды күшейту керек.

Павлодар облысының статистика департаментінің басшылығына Жеңіс Шақатов тағайындалды. Ол кезінде салық органдарында, Павлодар және Екібастұз қалаларының әкімдерінің орынбасары қызметін атқарған. Соңғы жұмыс орны – облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары.

– Барлық статистикалық деректер өзекті болуы тиіс, – деді облыс әкімі. – Жұмыс істемейтін және нөлдік көрсеткішпен есеп беретін кәсіпорындарға мониторинг жүргізу керек.

Сонымен қатар, Болат Бақауов жуырда өңірлік қорғаныс департаментінің басшысы болып тағайындалған Сергей Кузнецовты таныстырды. Павлодар облысына жұмысқа келерден бұрын ол Қостанай облысының қорғаныс істері басқармасының басшысы болған.