Павлодар облысында полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

Павлодар облысында полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

Жоба қылмыстардың алдын алуға және полиция бекеттерінің жақын жерде орналасуын қамтамасыз етуге бағытталған. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жобаны жүзеге асыру барысымен танысты.

1982 жылы салынған ғимаратта алғаш рет күрделі жөндеу өткізілді. Сервис сағатына 10 автомобильге дейін қызмет етеді, ал, заманауи жанармай құю станциясы қажетті қорды қамтамасыз етіп, жанармай құю процесін тез әрі ыңғайлы етеді. ІІМ басшысы автокөлік шаруашылығын жаңғырту полиция қызметкерлерінің жұмысына тиімді әсер ететінін атап өтті.

— Автокөлікке қызмет көрсетудің жаңа жүйесі тәртіп сақшыларына қызметтік міндеттерін сапалы орындау үшін тиісті жағдай жасайды, – деді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі өңірде қылмыстардың алдын алуға және полиция бекеттерінің жақын жерде орналасуын қамтамасыз етуге бағытталған сервистік модельге көшіру бойынша пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Павлодар облысы – ең урбанизацияланған өңірлердің бірі. Халықтың 70 пайызы – қала тұрғындары. Халықтың тығыз орналасуы пилоттық жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл көзқарас адам мен оның мүдделерін алдыңғы орынға қойып, мемлекетке деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Әбілқайыр Сқақов.

ІІМ басшысы біздің өңірде жоспарланған тағы бір пилоттық жоба туралы айтып берді. Бұл жоба шешімдерді қабылдау мерзімін үш-он тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

– Жобаның мақсаты – іс жүргізу процестерін бюрократиядан арылту. Қазір цифрлық ғасыр. Бос уақыт құқық бұзушылықтың алдын алуға, халықпен қарым-қатынас жасауға бөлінуі тиіс. Бұл әдістерді Павлодарда да енгізетін боламыз, - деп сендірді ҚР Ішкі істер министрі.

Үш жылдың ішінде полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға облыс бюджетінен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осының есебінен өткен жылы 15 модульдік және төрт стационарлық бекет енгізіліп, 105 автомобиль сатып алынды. Келесі жылы жалпы сомасы 252 млн теңгеге тағы 20 машина мен 268 компьютер сатып алу жоспарланған.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев