
Облыс әкімдігінде атаулы әлеуметтік көмекті жаңа формат бойынша тағайындаудың алғашқы нәтижелері мен медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері талқыланды. Кеңеске Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың мәлімдеуінше, бүгінде Павлодар облысында 6 158 көп балалы отбасы бірыңғай мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. Төрт балаға төлем 42 496 теңгені, бес балаға – 53 127 теңгені, алты балаға – 63 757 теңгені, ал жеті және одан да көп балаға – 74 388 теңгені құрайды. Сонымен қатар өңірде 3 135 отбасына 226 миллион теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
– Тұрмысы төмен отбасыларға, оның ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің классикалық үлгісі қайтарылды. АӘК бір тоқсанға тағайындалады, – деді әкім орынбасары.
Оған қоса, АӘК алушыларға кепілді азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдар жиынтығынан тұратын 6 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік пакет тиесілі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен және жеңілдікпен жол жүру құқығымен қамтамасыз ету қарастырылған.
– Қалалар мен аудандар әкімдері үшін табысы белгіленген мөлшерден төмен азаматтарға мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін беру негізгі мәселе болуы тиіс, – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Бұл жұмысты халық арасында түсіндіру арқылы жүргізу керек. Екіншіден, жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысу қажет. Әкімдерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары мен қажетті тетіктер жеткілікті
Павлодар облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу барысы жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірлік филиалының басшысы Нұрлан Қасымов баяндады. Бүгінде облыстың 14 мыңға жуық тұрғынының мәртебесі әлі де өзектендірілмеген. Сонымен қатар өңірде 28 мыңнан астам адам соңғы үш айда ӘМСҚ-ға аударымдар жасамаған. Негізінен бұл маусымдық жұмыспен айналысатын адамдар.
– Бұл сандарды айтарлықтай қысқарту үшін жедел жоспар қажет, – деп мәлімдеді облыс әкімі. – Ертеңгі күні, адам медициналық ұйымға өзі келген немесе түсіп қалған жағдайда аударымдарының болмауы немесе жеткіліксіз болуы себепті медициналық көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары туындамауы тиіс. Біз осы мәселемен жұмыс істеуіміз керек.
Әбілқайыр Сқақов МӘМС-тек денсаулық сақтау жүйесін қолдау құралы ғана емес, сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға арналған тетік және халық үшін қосымша сервистік қызметтер алу мүмкіндігі екенін атап айтты.