
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов көп балалы аналармен кездесті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен кездесуге үш жүзге жуық адам қатысты. Екі жарым сағатқа созылған сұхбат барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. 
Аймақ басшысы әрбір көп балалы отбасының әлеуметтік төлқұжаты құрастылатынын айтты. Сонымен бірге, ол әр көп балалы отбасыға депутаттар, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшыларының арасынан демеушілер тағайындауды ұсынды. Сондай-ақ, көп балалы отбасылардың мәселелерін шешу бойынша комиссия құрылып, оның құрамына көп балалы аналар да енгізіледі.
Кездесуге келгендердің көпшілігі бүкіл отбасымен келді.
– Әрине, Сіз заңды өзгерте алмайтыныңызды жақсы түсінеміз, – деді төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Динара Салықова. – Біз билік органдары халықтың мұң-мұқтажын білсін деп келдік.

Көп балалы отбасыларды толғандыратын басты мәселе – жәрдемақының көлемі.
– Төрт балаға мен ай сайын 10 500 теңге аламын, – деді ол. – Бала бақшалар балдырғандарды тек үш жастан ғана қабылдайды, ал, балаға берілетін жәрдемақы тек бір жасқа дейін ғана төленеді. Бұл дұрыс емес!
Облыс әкімі Динара Салықоваға осы мәселе бойынша құрылатын бастамашыл топтың құрамына қосылып, штаттан тыс кеңесші болуды ұсынды.
– Сіз көп балалы аналардың атынан сөйлеп тұрсыз ғой. Сондықтан Сізге менің штаттан тыс кеңесшім болып, бастамашыл топтың құрамына кіруді ұсынамын, – деді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы өзі де көп балалы отбасында дүниеге келіп, қазіргі кезде бес бала тәрбиелеп отырғанын айтты.
– Бала кезімнен еңбекке баулып өсірген ата-анама алғысым шексіз, – деді Болат Бақауов. – Көп балалы отбасылардың қиындықтары маған жақсы таныс. Біз облыстың қалалары мен аудандарында зерттеу жүргізіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтауды бастадық.
Аймақ басшысының айтуынша, мұндай отбасыларды тұрғын үй, әлеуметтік төлемдердің көлемін арттыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бала бақшаға орналасу, қоғамдық көліктегі жеңілдіктер мәселесі толғандырады. Облыс әкімі өңірдегі әрбір көп балалы, аз қамтылған отбасы назардан тыс қалмайды деп сендірді.

Салалық әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша облыста 8625 көп балалы отбасы бар. Олардың ішінде 3839 отбасы төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отыр.
Өңірдегі әлеуметтік осал топтардың отбасыларында тәрбиелентін он үш мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. «Мектепке жол» акциясы бойынша осы оқу жылында он жеті мың балаға 150,8 мың теңгеге көмек көрсетілді. Бұл соманың 63,5 миллион теңгесі бюджеттен тыс қаражат. «Қамқорлық» акциясы бойынша жыл басынан бері 8738 балаға 77 млн. теңгенің көмегі көрсетілді, бұл соманың 27,2 миллион теңгесі бюджеттен тыс қаражат.

Аймақ басшысы атап өткендей әлеуметтік осал отбасыдан шыққан студент жастар да назардан тыс қалмайды. Оларға тегін ыстық тамақ, 4 АЕК көлеміндегі жолақының өтемі, жатақханаларда тегін тұру, қоғамдық көліктегі 50 пайыз жеңілдік секілді қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, оларға жұмысқа орналасу, оқуға түсу және тегін медициналық көмек алу бойынша да қолдау көрсетіледі.
Әлеуметтік осал топтың отбасыларының проблемалары жергілікті әрі үкіметтік деңгейде шешілетін болады. Аймақ басшысының орынбасары мұндай кездесулерді тоқсан сайын, ал, облыс әкімі жарты жылда бір рет өткізіп отырады.